Кеше Алматыда жаңбыр жауып, қаланың біраз жерінде "көл" пайда болды. Қалалықтар әзілдеп "Алматы - екінші Венеция" дейді. Соған дәлел ретінде қаладағы тұрғын үйлердің бірінде түсірілген видео тарады. Онда ер адам "жүзіп бара жатқанын" көруге болады. Massaget.kz тілшісі "жүзіп жүрген" жігітпен әңгімелесті.
Жігіт жаңбыр кезінде тұрғын үйдің алдында жүзіп жүргені туралы видео Instagram-дағы бірнеше топта тарап кеткен. Оқиға кеше, 8 тамызда тұрғын үйлердің бірінде болған.
Көптеген адам бұл видео фейк, Қазақстанда түсірілмеген деп ойлаған. Алайда видео расында Алматыда түсірілген. Видеодағы жігіт - Андрей Васин есімді тұрғын. Ол видео түсірілген тұрғын үйінде тұрады. Үйді құрылыс басталған кезде алған.
"Мен қарапайым жігітпін, IT саласында жұмыс істеймін. Табиғатты жақсы көремін және біздің қаламыз, әсіресе біздің аудан жасылдана түссе деймін", - дейді Андрей.
Ол видеоны не үшін түсіргенін айтты.
"Мұндай жаңбыр бірінші рет жауып тұрған жоқ. Ал қатты жауған кезде автокөліктер зақымдалуы да әбден мүмкін. Видеоны жаңбыр жауғанда қаншалық су басатынын көрсету үшін түсірдім", - дейді ол.
Андрей жаңбырдың салдары туралы айтып берді.
"Жаңбыр жауа бастағаннан кейін санаулы минуттардың ішінде бөлмемізді су басып кетті. Еденнен 5 литрдей су алып шықтық. Көлігімізге де зақым келе ме деп қорықтық. Сондықтан оны су азырақ басқан жерге апаруға тура келді", - дейді ол.
Андрейдің сөзінше, мұндай жағдайлар тұрғын үйде жиі болып тұрады екен.
"Әйеліммен тұрғын үйде болатын жағдайлар, жарықтың, ыстық/суық судың өшуін жазып жүре бастадық. Мұндай жағдайлар екі аптада бір болып тұрады", - дейді Андрей.
Алматылық тұрғын құрылыс компаниясы мұндай проблемаларды шешуге тырыспайтынын айтады. Тіпті проблемалар құрылыс компаниясы үйді өткізген кезде-ақ басталған екен.
"Көшеде жарық мәселесі шешілмеген. Тұрғын үй аймағында құрылыс жұмыстарынан кейін шұңқырлар қалған. Оны тұрғындардың өзі де, мен де өтуге ыңғайлы болу үшін реттестірдік. Балаларға арналған алаңның жартысы қирап кеткен. Айналада ағаш өсіруге де қатысты проблема - онымен кім айналысатыны белгісіз. Тұрғындар өзі өз күшімен ағаш отырғызуға тырысып жүр. Үйлердің сапасына қатысты - қазір подъездердің, осындай жаңбырдан кейін көлге айналатын жертөлелердің жөндеу жұмысына ақша жиналып жатыр. Жалпы, тұрғын үйде тұруға болады, бірақ балалармен серуендеп қайтатын жер де жоқ. Бірақ құрылыс компаниясы үй салуын тоқтатар емес. Оның орнына тұрғындарға арнап стадион немесе серуендеуге болатын жер салып берсе дейсің. Үйден шыққың да келмейді", - дейді Андрей.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!