Болгарияда 1 қарашада президент сайлауының екінші кезеңі өтіп, алдын ала қорытынды бойынша мемлекет басшысының міндетін атқарушы Илияна Йотова жеңіске жетті, деп хабарлайды Massaget.kz Euronews-ке сілтеме жасап.
Болгария Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бюллетеньдердің барлығы есептелгеннен кейін Йотова сайлаушылардың 57,5 пайыз дауысын жинаған. Оның негізгі қарсыласы, бұрынғы уақытша премьер-министр Андрей Гюров 39,5 пайыз дауыс алған.
Батысшыл оппозиция қолдаған Гюров сайлауда жеңілгенін мойындап, Болгарияны күрделі кезең күтіп тұрғанын айтты.
Орталық сайлау комиссиясы түпкілікті нәтижені 4 қарашадан кешіктірмей жариялауға тиіс. Дауыс беру қорытындысы ресми түрде расталса, Илияна Йотова Болгария тарихындағы тұңғыш әйел президент атанады.
62 жастағы Йотованың кандидатурасын сәуірде өткен парламент сайлауында абсолют көпшілік дауысқа ие болған премьер-министр Румен Радевтің "Прогрессивті Болгария" партиясы қолдады. Сарапшылар бұл жеңіс президенттік қызметтің биліктегі ресейшіл көпшіліктің бақылауында қалуына мүмкіндік береді деп есептейді.
Йотова Румен Радев секілді Ресеймен келіссөз жүргізуді және Украинадағы соғысты дипломатиялық жолмен реттеуді жақтайды. Ол Киевке әскери көмек көрсетуге қарсы және Ресейге салынған санкцияларды алып тастауды қолдайды.
Соған қарамастан, Йотова Болгарияның Еуропалық одақ пен НАТО құрамында қалуын қолдайды. Сондықтан елдің еуропашыл саяси бағыты сақталады деп болжанып отыр.
Болгария 2004 жылы НАТО-ға, 2007 жылы Еуропалық одаққа мүше болды. Парламентте елдің батысшыл бағытына қатысты ортақ ұстаным қалыптасқанымен, Ресеймен тарихи және мәдени байланыстарға негізделген ресейшіл көзқарас қоғамда әлі де ықпалды. Бұл қайшылық Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды соғысы басталғалы бері күшейе түсті.
Болгария президентінің қызметі негізінен өкілдік сипатқа ие. Мемлекет басшысы атқарушы билікті тікелей басқармайды, ал маңызды саяси шешімдерді парламент бекітеді. Дегенмен бүкілхалықтық сайлау президентке елеулі саяси бедел береді.
Президент қарулы күштердің бас қолбасшысы саналады, заңдарға вето қоя алады, халықаралық шарттарға қол қояды және елшілерді тағайындайды.
Болгарияда мемлекет басшысы тікелей дауыс беру арқылы бес жылға сайланады. Бір адам президент қызметін екі мерзімнен артық атқара алмайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай