Бөлекбаев сөгіс алды: бұл нені білдіреді?

Бөлекбаев сөгіс алды: бұл нені білдіреді?
Фото: Massaget.kz/коллаж

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді. Massaget.kz тілшісі мемлекеттік қызметкерлерге қандай жағдайда сөгіс берілетініне, мұның салдары неге әкеп соғатынына шолу жасады.

Сарандағы жағдай: кімдер жазаланды?

Саран халқы жылусыз қалған оқиғадан кейін Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекбаев Саран қаласының әкімі Еркін Баулықовқа, Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаевқа қатаң сөгіс жариялады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланды.

gov.kz

Алайда кейінірек Саран әкімі Еркін Баулықов жылу беру маусымының басында жіберген олқылықтары үшін қызметінен босатылды. Экс-шенеунік бұл қызметті бір жылдан аса уақыт қана атқарды. 

Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді

Ермағанбет Бөлекбаев/gov.kz

Тоқаев бұған дейін кімдерге сөгіс жариялады?

2024 жылы 30 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты Үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейді деп сынға алды. Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді.

Роман Скляр, Нұржан Нұржігітов/gov.kz

Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды.

Дәл осындай сөгісті бұған дейін, 2023 жылы 11 маусымда Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев орман өртіне байланысты алды. Оған өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды. 

"Қате көп. Шұғыл әрекет жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз - жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын. Негізі мұндай қате үшін бірден қызметтен босату керек. Он төрт адамнан айырылып қалдық. Бұл не сізге, ойыншық па? Олар қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапты", - деді Мемлекет басшысы. 

Қандай жағдайда мемқызметкер жұмыстан шығарылады?

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер үшін мынадай жаза түрлері бар:

  • сөгіс;
  • қатаң сөгіс;
  • қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту;
  • мемлекеттік лауазымын төмендету,
  • атқаратын мемлекеттік лауазымынан босату.

"Тәртіптік жаза алынбаған жағдайда және теріс қылық қайта жасалған кезде мемлекеттік қызметкерге қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту қолданылады немесе лауазымы төмендетіледі", - деп жазылған мәліметте.

Теріс қылық қайта жасалған кезде мемлекеттік қызметкерге жазаның неғұрлым қатаң түрі қолданылады.

"Қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты немесе лауазымы төмендетілгені туралы ескерту алған кезде теріс қылық жасаса, мемлекеттік қызметкер жұмыстан шығарылады", - деп жазылған мәліметте.

Еске салайық, біраз уақыт бұрын Саран қаласының тұрғындары үйлерінде жылу жоғын айтып, шағымданды. Кейін қала әкімі Еркін Баулықов тұрғындардан кешірім сұрап, жақын арада пәтерлерге жылу берілетініне ​​уәде берді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Баулыков Еркин (@baulykov_yerkin)

Кейін Үкімет отырысында Саран қаласында жылу беру маусымының басталуы туралы мәселе күн тәртібінен тыс қаралып, премьер-министр Олжас Бектенов Саран әкімін сынап, бәрі тексерілетінін мәлімдеді.

Артынша, Сарандағы барлық үйге жылу берілгені хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова