Шымкентте полицейлер жоғалған алты баланы іздеп тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жоғалғандардың бәрі - 15 және 16 жастағы жасөспірімдер. Олардың ата-аналары балаларының отбасындағы жанжалдан кейін үйден шығып, оралмағаны туралы полицияға хабарлады.
Тәртіп сақшылары өтпелі кезеңдегі екі ұл мен төрт қызды тауып, аз уақыт ішінде аман-есен үйіне жеткізді. Мектеп оқушыларының бірі жай көшеде жүрсе, енді бірі жолдастарының үйінде қонақта болған. Жеткіншектердің мұндай мінез-құлық көрсетуіне үлкендердің бақылауынан құтылып, қалағанын істеуге ұмтылуы себеп болғаны анықталды.
Мәселен, жігіттердің бірі ғашық болғанын, бірақ анасы оған қызбен кездесуге тыйым салғанын жеткізді. Тағы бір бойжеткен бұл әрекетін ата-анасынан бөлек тұрғысы келетінімен түсіндірсе, енді бірі достарына кешке дейін сыртта жүруге рұқсат етілгенімен, іс жүзінде оған рұқсат жоқ деп шағымданды.
Полиция қызметкерлері жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!