Данияр Кесікбаев АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы ең қымбат үйлердің бірін небәрі 10 долларға, шамамен 4800 теңгеге сатып алған. Ол – марқұм Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның ұлы әрі Малайзияның сотталған бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разактың күйеу баласы. Бұл туралы New York Post басылымы Gimme Shelter жобасына сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Альпайн ауданындағы зәулім үй бұрын 34 миллион долларға сатылымға қойылған. 2012 жылы оны аноним компания 20 миллион долларға сатып алған. Басылым дереккөздері бұл компанияны Кесікбаевпен байланыстырған. Қазір үйдің салықтық құны 35,5 миллион долларға жеткен.

Үйдің аумағы шамамен 1,6 мың шаршы метр. Онда 9 жатын бөлме, баскетбол алаңы, боулинг, үй кинотеатры, кітапхана, шарап қоймасы, лифт және бассейн бар. Жер телімі 3 гектардан асады.
Кесікбаевтың қайын атасы Наджиб Разак 1MDB мемлекеттік қорына қатысты атышулы іс бойынша түрмеде жазасын өтеп жатыр. Тергеу кезінде оның жеке шоттарынан шамамен 700 миллион доллар табылған. 2020 жылы сот оны жемқорлық және ақшаны жылыстату баптары бойынша кінәлі деп таныған.
Бұған дейін Кесікбаев The Plaza Hotel қонақүйіндегі құны 20 миллион доллар болатын пәтерді небәрі 1 долларға алған.
Айта кетейік, 2012 жылы Болат Назарбаев бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиева мен өгей ұлы Данияр Кесікбаевты 100 миллион доллардан астам активті шетелге шығарды деп айыптап, сотқа жүгінген. Кейін тараптар дауды соттан тыс реттеген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz