Болат Назарбаевтың 14 баласынан жер телімін қайтармақ

Алматы облысында Болат Назарбаевтың 14 баласынан сот арқылы жер телімі алынбақ. Сот процесі жаздың аяғында басталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Tengrinews.kz мәліметінше, Қарасай ауданының прокуроры сотқа талап арыз беріп, жер учаскесін сатып алу-сату келісімдерін және жерді қабылдап алу-тапсыру актілерін жарамсыз деп тануды сұраған.

Іс бойынша жауапкерлер қатарында Қарасай ауданының әкімі, аудандық жер қатынастары бөлімі, бірнеше компания, сондай-ақ Болат Назарбаевтың жұбайы, ұлы Нұрбол Назарбаев және оның өзге балалары көрсетілген.

Сот құжаттарында даулы жердің балалардың меншігіне қалай өткендігі және мәмілені жарамсыз деп тану туралы талаптың нақты себептері әзірге жарияланбаған.

Сот талап арызды өндіріске қабылдап, азаматтық іс қозғаған. Қазіргі уақытта тараптар іс материалдарымен танысып жатыр. Алғашқы алдын ала сот отырысы тамыз айының соңына жоспарланған.

Айта кетейік, бұл Болат Назарбаевтың мұрагерлері қатысқан алғашқы сот дауы емес. Бұған дейін де олардың аты бірнеше азаматтық іс бойынша жауапкер ретінде аталған болатын. Соның ішінде «Алтын Орда» базарына қатысты даулар мен мүліктік талаптар бар. Сонымен қатар Қаржы министрлігі де Болат Назарбаев пен оның мұрагерлеріне қатысты мәмілелерді жарамсыз деп тану және келтірілген залалды өндіру жөнінде талап арыз берген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!