Болат Назарбаевтың 14 баласынан жер телімі қайтарылмақ

Алматы облысында Болат Назарбаевтың 14 баласынан сот арқылы жер телімі алынбақ. Сот процесі жаздың аяғында басталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Tengrinews.kz мәліметінше, Қарасай ауданының прокуроры сотқа талап арыз беріп, жер учаскесін сатып алу-сату келісімдерін және жерді қабылдап алу-тапсыру актілерін жарамсыз деп тануды сұраған.

Іс бойынша жауапкерлер қатарында Қарасай ауданының әкімі, аудандық жер қатынастары бөлімі, бірнеше компания, сондай-ақ, Болат Назарбаевтың жұбайы, ұлы Нұрбол Назарбаев және оның өзге балалары көрсетілген.

Сот құжаттарында даулы жер балалардың меншігіне қалай өткені және мәмілені жарамсыз деп тану туралы талаптың нақты себептері әзірге жарияланбаған.

Сот талап арызды өндіріске қабылдап, азаматтық іс қозғаған. Қазір тараптар іс материалдарымен танысып жатыр. Алғашқы алдын ала сот отырысы тамыздың аяғына жоспарланған.

Айта кетейік, бұл Болат Назарбаевтың мұрагерлеріне қатысты алғашқы сот дауы емес. Бұған дейін де олардың аты бірнеше азаматтық істе жауапкер ретінде аталған болатын. Соның ішінде "Алтын Орда" базарына қатысты даулар да бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!