- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Болат Назарбаевтан мемлекетке...
Болат Назарбаевтан мемлекетке өткен жер қазір кімнің қолында?
Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған еді. Дегенмен олар қазір кәдеге асып жатыр ма? Massaget.kz тілшісі ресми органнан жауап алды.
2023 жылы мәжіліс депутаты Ерлан Саиров заңсыз алған деп танылған Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Жамбыл және Маңғыстау облысындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлаған еді. Дегенмен осы жылы Жамбыл облысында 42 ауыл тұрғындары төрт түлігін жаяр жер таппай, 7 ауданда 164 мың гектар жайылым жер жетіспейді деген ақпарат тарады. Осы тұста Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі жер шаруаларға үлестірілді ме деген сауал туындады.
Жер ресурстарын басқару департаментінің жауабы
Сауалымызға Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаменті жауап қатты. Департамент өңірде біраз жер жекенің қолына өтіп кеткендіктен осындай мәселе туындап отырғанын жеткізді. Сол себепті қазір пайдаланылмай жатқан алқаптарды қайтару жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр екен.
"Президент тапсырмасы аясында облыста 2022 жылы 202, 7 мың га, 2023 жылы 201,2 мың га жер мемлекет иелігіне қайтарылса, ағымдағы жылдың 1 тамызында мемлекет меншігіне қайтарылған жердің алаңы - 77,2 мың гектар. Биылғы жоспар 80 мың гектар жерді қайтару", - делінген хабарламада.
Болат Назарбаевтан қайтқан жер тағдыры
Ал Болат Назарбаевтың еншілес компанияларынан қайтарылған 60,0 мың га жер "БН-Экотехнология" ЖШС-на тиесілі болған екен. Компания Сарысу ауданының Қамқалы ауылдық округі аумағындағы жер қорынан алаңы 60 000 га жайылым жер учаскесіне тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін 49 жылға өтеулі жер пайдалану құқығын алыпты. Жер пайдалану құқығы 2006 жылдың 18 шілдесінде Сарысу әкімдігінің 166 қаулысымен заңдастырылған. Десе де, серіктестік жайылым жеріне құқық тапсырған 2006 жылдан бері пайдаланбай келген.
"Осыған орай жер пайдаланушымен департамент пен Сарысу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі өкілдерінің тікелей кездесуі арқылы жүргізген түсіндірме жұмысынан кейін жер пайдаланушы жерді мемлекет меншігіне өз еркімен нотариуспен бекітілген өтініші негізінде қайтарған. Мемлекет меншігіне қайтарылғандығы туралы аудан әкімдігінің қаулысы қабылданған. Сарысу ауданы жер қатынастарының мәліметіне сәйкес, бүгінгі күнге дейін аталған жер учаскесіне құқық тапсырылмағандықтан, жер толығымен мемлекет жер қорының есебінде тұрғандығын хабарлаймыз", - делінген хабарламада.
Еліміздегі жер қайтару, үлестіру жағдайы
Жалпы Қазақстан бойынша мемлекет басшысының тапсырмасына қатысты пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген 10 миллион гектар (2022 жылы – 5,35 млн. га, 2023 жылы – 4,67 млн. га) ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылған екен. 2024 жылы қайтаруға жоспарланған қосымша 2 миллион гектар ауыл шаруашылық жерінің 1,22 миллион гектары қайтарылған. Ал қайтқан жердің қайта игерілуі шамамен - 10 пайыз.
"Жайылым тапшылығы мәселесін ескере отырып мемлекеттік меншікке қайтарылған 1,9 миллион гектар жерлер басым тәртіппен жергілікті халыққа мал жаю үшін жалпы пайдалануға бөлінді", - дейді жауаптылар.
Жауаптылар келтірген сандарға қарай қайтқан жердің қайыры болып, жырғап қалған халық қарасы аз емесін байқадық. Десе де, жерді халыққа тиімді үлестіру мәселесі әлі де өткір екеніне Жамбыл облысындағы жағдай дәлел.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Н. Ынтымақұлы