Мәжілісте бір топ депутат кәсіпкерлердің мүддесін қорғады. Депутаттық сауал барысында Болат Назарбаевтың мүліктеріне қатысты жайт та айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Азат Перуашев, Дания Еспаева, Қазыбек Иса, Ерлан Барлыбаев, Серік Ерубаев, Елнұр Бейсенбаев секілді бір топ депутат премьер-министр Олжас Бектеновке және Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады. Олардың сөзінше, әртүрлі саладағы кәсіпкерлер жүгініп, шенеуніктердің мүлікті қайта бөлу және бизнесті рейдерлік жолмен басып алу үшін өз өкілеттігін пайдалануы көбейіп келе жатқанына шағымданған.
"Сорақы мысалдың бірі: Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімдігі Болат Назарбаевтың мүлкін қайтарамыз деген желеумен көршілес кәсіпкерлерден 2017 жылы Қаржы министрлігінің ашық аукционынан бірыңғай лотпен сатып алынған шипажай нысандарының бір бөлігін тартып алған. Бұл мәселені біз бұған дейін де көтергенбіз. Бірақ компания нысандарын Болат Назарбаевтың өзіне қайтарып берді. Алайда адал кәсіпкерлердің нысандары тәркіленген күйінде қалып, шипажай 2 миллиард теңге шығынға ұшырады", - деді олар.
Ал "ҚТЖ" АҚ сот арқылы АНГРЕНСОР Ltd. ЖШС-ны 2011 жылы осы ЖШС салған, құны 1,5 млрд теңгеден асатын Павлодар облысы Атығай станциясындағы ғимарат пен теміржолдарды тегін беруге міндеттеген.
Депутаттардың сөзінше, мұндай жағдай Маңғыстау облысында да тіркелген.
"Көлік министрлігі тіпті сот арқылы емес, өз бұйрығымен 90-жылдардан бері "Каскор-Транссервис" АҚ-на тиесілі кірме теміржол жолдарын "ҚТЖ" АҚ-ның магистральдық желілері тізіміне енгізіп, олардың мемлекет меншігіне тегін өтуі туралы шешім қабылдаған", - деді депутаттар.
Олардың айтуынша, Жамбыл облысы Меркі ауданында да аудан прокуратурасы 2007 жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерін ойдағыдай дамытып келе жатқан "Жеміс-Жидек" ЖШС-ның 200 гектар жерін тегін тартып алған.
"Бұл тенденция қарқын алып, мемлекеттік органдар ғана емес, өзге монополистер де басқа кәсіпорындардың меншігіне "қол салуға" әрекет етіп жатыр. Мәселен, жақында Таразда "Жамбыл электр желілері" ЖШС жүн өңдеу фабрикасынан ("ПОШ-Тараз" ЖШС) осы фабрикаға тиесілі электр қосалқы стансасын монополистке арыздану құқығынсыз тегін беруді талап еткен. Әртүрлі аймақтардан келетін басқа да ұқсас дабылдар бар. Қазірдің өзінде мүлікті қайта бөлудің тұтас тәжірибесі байқалып отыр", - деді депутаттар.
Олар Конституцияның 6-бабында "Қазақстанда мемлекеттік және жекеменшік бірдей танылады, бірдей қорғалады" деп тайға таңба басқандай көрсетілгенін, ешкімді жеке мүлкінен айыруға болмайтынын, тек сот шешімімен ғана болатынын мәлімдеді. Мүлiктi мәжбүрлеп иелiктен шығару оның құнын өтеу арқылы мемлекет мұқтажы үшiн алынған жағдайда ғана мүмкiн. Бұл да Конституция, 26-бап.
"Тәркілеу де мүмкін, бірақ қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін сот үкімі шеңберінде ғана (ҚР ҚК 48-бабы). Бірақ біз көрсеткен жағдайлардың барлығында қылмыстық іс жоқ, тәркіленген мүлікті өтеу де жоқ", - дейді олар.
Депутаттар ескі Қазақстанды да тілге тиек етті. Олардың сөзінше, заңсыз активтерді қайтарамыз деген желеумен кәсіпкерлердің мүлкіне қол салу процесі жүріп жатыр.
"Рейдерлер кейде ескі Қазақстан өкілдері, олармен байланысы бар олигархтардың заңсыз активтерін қайтару әрекеттеріне де сілтеме жасайды. ...Расында, ескі Қазақстанның ығай-сығайларының заңсыз активтерін қайтару аясында да ерікті процедура қарастырылған. Бірақ келтірілген мысалдардың ешқайсында олигархтар туралы бір ауыз сөз жоқ. Керісінше, Сарыағаштағы шипажайдағыдай, марқұм Болат Назарбаевтың компаниясына нысандарды қайтарып, осы сылтаумен адал кәсіпкерлерден аукцион арқылы заңды түрде сатып алынған мүліктері тәркіленді. Бүкіл өркениетті әлемде жекеменшікке қол сұғу қылмыс болып саналады", - деді олар.
Еске салайық, бұған дейін депутат Ерлан Сайыров Ескі Қазақстан өкілдерінің рейдерлік әрекеттері туралы айтты.
Оның сөзінше, зардап шеккен кәсіпкерлердің ақпараты бойынша 2000-жылдардан бері Ескі Қазақстанның адамдары ұлттық буржуазияның табысты бизнесін рейдерлік күшпен тартып алуды жүйелі жолға қойған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!