Болат Назарбаев дәуірінде жеке меншікке заңсыз өткен: депутат Бас прокурорға үн қатты

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек сот процестеріне бақылауды күшейту және су қоймаларын мемлекет меншігіне қайтару қажет екенін мәлімдеді. Ол бұған Алматы облысын мысал ретінде келтірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бақытжан Базарбек кейбір істер бойынша соттар мемлекеттің позициясын қолдап, бұрын жасалған мәмілелерді заңсыз деп танығанын айтты. Алайда кейбір жағдайларда қарама-қайшы шешімдер қабылданып отыр.

Оның айтуынша, Алматы облысында су қорын заңсыз иелену дерегі бойынша тексерістер сотқа дейін жетіп, сот мемлекет пайдасына шешім шығарған мысалдар бар.

"Болат Назарбаевтың кезінде және оның көмегімен бір адамның қолына заңсыз өткен Алматы облысындағы төрт ірі су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылды", - деді ол.

Сонымен қатар, депутат сот тәжірибесінде бұған қарама-қайшы мысалдар бар екенін де жеткізді.

Қапшағай су қоймасының су қорғау бөлігіндегі жерлерді қайтаруға қатысты бірқатар іс бойынша соттар анықталған заңбұзушылықтарды мойындаған, бірақ осыған ұқсас басқа процестерде мемлекеттік органдардың талап-арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Осыған байланысты Бақытжан Базарбек Жер және Су кодекстеріне сәйкес бұл аумақтар жекеменшікте болмауға тиіс екенін, демек, мұндай істерге көзқарас бірыңғай болуы керек екенін еске салды.

"Заң бәріне ортақ қой, олигархтар үшін арнайы сот төрелігі болмауға тиіс", - деді ол.

Депутат Бас прокурордан Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің су қоры жерлерін мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты талап-арыздарды ерекше бақылауға алуды сұрады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!