Павлодардың №2 соты "билігін асыра пайдаланғаны" үшін жазасын өтеген Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауовтан ресми түрде кешірім сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2023 жылғы 25 желтоқсанда іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты ақталған Бақауовқа қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы заңды күшіне енді.
"Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 41-бабының 1-тармағына ("Моральдық зиянның зардаптарын жою") сәйкес, адамды ақтау туралы шешім қабылдаған қылмыстық процесті жүргізетін орган одан кінәсі үшін ресми түрде кешірім сұрауға міндетті. Сот заң нормаларын түсіндіріп, хабарлама жіберді", - деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.
Павлодар қаласының №2 сотының судьясы Ғабит Ахметов қол қойған хабарламада Бақауовтың мүліктік және моральдық зиянды толық өтеуге және еңбек, тұрғын үй және басқа да құқықтарын қалпына келтіруге құқығы бар екені көрсетілген.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовтың ісі бойынша үкім күшін жойғанын хабарлаған едік.
"Павлодардың №2 сотының 2020 жылғы 27 мамырдағы үкімімен бұрынғы Павлодар облысының әкімі ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігі 3) тармағы бойынша қосымша есептелген салықтарды азайту мақсатында лауазымдық өкілеттерін асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеушісінің 2022 жылғы 22 қазандағы қаулысымен сот үкімін шығарғаннан кейін мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің салықты қате қосымша есептеуі бойынша сараптама қорытындысы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты ЖШС-нің салықты төлемеуі туралы іс тоқтатылды", - делінген хабарламада.
Тергеушінің істі тоқтатуына байланысты Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2023 жылғы 10 мамырда заңсыз деп танылып, қосымша салықты есептеу туралы хабарламаның күші жойылды.
Осылайша, мемлекет мүддесіне айтарлықтай зиян келтірілмеді.
Бұл мән-жай сотқа үкім шығару кезінде белгісіз болған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!