“Болашақтың“ түлектеріне шетелде жұмыс істеуге рұқсат етіледі

"Болашақ" шәкіртақысының иегерлері үшін жаңа тәртіп енгізілмек, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін "Болашақ" бағдарламасының түлектері шетелде оқып келген соң елде жұмыс істеуге міндеттелетін. Жақында осы ережеге өзгеріс енгізу ұсынылды. 

Алдағы уақытта Қазақстанда "Болашақ" бағдарламасының студенттеріне елдегі оқу қарызын өтемей-ақ, шетелде жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Ғылым және жоғары білім министрлігі "Болашақ" стипендиясын алу ережелеріне осындай жаңашылдық енгізуді ұсынып отыр.

Алайда министрліктің ұсынысы әлі қабылданған жоқ. Әзірге үкімет қаулысының жобасы "Ашық құқықтық актілер" порталында ғана жарияланды.

"Тәжірибе көрсеткендей, "Болашақ" бағдарламасының көптеген түлектері Біріккен ұлттар ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы және т.б. сынды халықаралық және өңірлік ұйымдарда жұмыс істеп, өз білімдері мен дағдыларын қолдана алады. Аталған мамандардың Қазақстанның халықаралық аренадағы мүдделерін ілгерілетуге қосқан үлесін ескере отырып, олардың аталған ұйымдардағы еңбек қызметін міндетті қызмет талаптарына сай деп тану ұсынылады", - деп жазылған жарияланған құжатта.

Еске салайық, "Болашақ" бағдарламасы бойынша елге қайтпай қалғандарға қандай жаза қолданылатыны туралы жазған болатынбыз. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!