Қорабында шығарылған күні келер күнге көрсетілген айран қазақстандықтарды таңғалдырды, − деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Tengrinews.kz редакциясына оқырмандардан "Сайрам-сүт" айранының суреті келген. Жіберген адамның айтуынша, сурет 16 қаңтарда түсірілген, ал айран қорабының сыртында оның шыққан күні 17 қаңтар деп көрсетілгенін анық байқауға болады.
"Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы" кәсіпорнының қызметкерлері суретті тексеріп, өндірушінің тағам өнімдері мариковкасы ережесін қатаң бұзғанын айтты.
Кәсіпорынның санитарлық-гигиеналық бақылау департаментінің бас дәрігері Маржан Әпсеметованың айтуынша, "Тамақ өнімдерінің маркировка бөлігінде" Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес, қорапта өнімнің аты, сақтау шарттары, энергетикалық құндылығы, шығарылған уақыты мен жарамдылық мерзімі көрсетілуі тиіс.
"Егер тұрғындар бұл айранды 16 қаңтарда байқаған болса, әрине, заңбұзушылық бар. Өндірушілер "Тағам өнімінің қауіпсіздігі" заңын бұзып отыр. Бұл мәселемен айналысу керек", - деді Әпсеметова. Ол кәсіпорынның осы деректің материалдарын ОҚО СЭС-ке жолдайтынын айтты.