- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Болашақта адамдарда жеке...
Болашақта адамдарда жеке көлік болмайтыны рас па?
Әлеуметтік желілерде 16-20 қаңтар аралығында Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысушылардың кездесуі туралы жаңалық тарады. Спикерлердің бірінің "болашақта адамдарда жеке көлік болмайды" деген мәлімдемесі Желі қолданушыларын алаңдатып қойған. Бұл жалған, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
Швейцария Ұлттық Парламентінің мүшесі және Еуропадағы климат шешімдері бөлімінің басшысы Бастьен Жирод осындай мәлімдеме жасаған. Ол "Табиғатпен үйлесімділікте" тақырыбындағы ашық форум аясында өткен кездесуде сөз сөйлеген. Форумның толық жазбасын ДЭФ-ның ресми сайтынан көруге болады.
Бастьен Жирод көліктер туралы жазбаның 54 минут 46 секундында айтады. Оның сөзінше, Цюрихте көптеген аудан, мектеп, дүкен, қоғамдық орын және жайлы өмір сүруге қажет басқа да орындар, мекемелер бір-біріне жақын болатындай етіп салынған. Сондықтан мұндай аудандарда тұратын адамдарға жеке көлік қажет емес.
"Адамдарға көлік сатып алуға рұқсат берілмейді емес. Жай бұл адамдарға көлік қажет емес, өйткені қоршаған орта жеке көлік болуын қажет етпейді. Саясат, міне, осымен айналысуы керек. Табиғатпен үйлесімді тұрақты өмір салтын құру - ең қарапайым жолы осы", - дейді саясаткер.
Яғни Бастьен Жирод "болашақта адамдарда көлік болмайды" деп мәлімдемеген. Ол ірі қалада жеке көліксіз де жайлы өмір сүруге болатынын айтып, Цюрихтегі кейбір адамдардың өмір салтын сипаттаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова