“Болашаққа ұмтылған көшбасшымен жұмыс істеу - мәртебе“. Джорджа Мелони Тоқаевқа алғыс айтты

Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жақында жолдаған құттықтауы үшін алғыс айтты. Бұл туралы ол X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мелони Тоқаевқа кездесулерінде әрдайым байқалатын "жоғары бағасы мен шынайы достығы" үшін ризашылығын жеткізді.

"Стратегиялық көзқарасы бар және болашаққа ұмтылған көшбасшымен жұмыс істеу - мен үшін үлкен мәртебе. Біз бірлесе отырып, Италия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, энергетика мен аса маңызды минералды ресурстардан бастап, жоғары білім саласындағы өзара іс-қимылға дейінгі ынтымақтастықтың жаңа стратегиялық мүмкіндіктерін ашып жатырмыз", - деп жазды ол.

Премьер-министр тараптар бұл бағыттағы жұмысты "халықтарымыздың өсіп-өркендеуі мен игілігі үшін" жалғастыратынын айтты.

Жұма, 4 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның премьер-министрі Джорджа Мелониді оның үкіметі ел тарихындағы ең ұзақ жұмыс істеген үкімет атануымен құттықтады. Мемлекет басшысы Италия премьерінің екіжақты қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Бұл туралы Тоқаев X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

2025 жылғы мамырда Мелони Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келген. Мемлекет басшысы оны Астана әуежайынан гүл шоғымен өзі қарсы алған еді.

Қазақстан Президенті мен Италия премьер-министрі Ақордада келіссөз өткізді. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндіктерін талқылады.

Джорджа Мелони - 2022 жылғы 22 қазаннан бастап Италия тарихындағы Министрлер кеңесінің төрағасы лауазымына ие болған алғашқы әйел, Сильвио Берлусконидің төртінші үкіметіндегі жастар істері жөніндегі бұрынғы министр. "Италия ағайындары" партиясының (2014 жылдан бастап) және Еуропалық консерваторлар мен реформистер партиясының (2020 жылдан бастап) көшбасшысы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!