Болашақ ұрпақтың несібесіне қол сұғуды доғару керек - депутат

Болашақ ұрпақтың несібесіне қол сұғуды доғару керек - депутат
Фото: amanatpartiasy.kz

Парламентте өткен бюджет талқылауында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев еліміздің бюджеттік және салықтық саясатына қатысты бірқатар өткір мәселелерді көтерді. Ол бюджет қаражатының басым бөлігі, яғни 92%-ы міндетті шығыстарды жабуға жұмсалғанын айта келе, бұл жағдайды сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бұл - елімізді дамытуға, яғни болашаққа салынатын инвестицияға небәрі 8-ақ пайыз ғана қалады деген сөз. Мұндай жағдайда серпінді даму, халықтың өмір сүру деңгейін көтеру туралы сөз айтудың өзі артық", - деді депутат.

Бейсенбаев салықтық түсімдердің жеткіліксіздігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, биыл бюджетке жоспарланған 3 трлн теңге салықтық кіріс түспей қалған.

"Дұрыс жоспарламау салдарынан үш триллион теңгенің жетпеуі - салық және бюджеттік саясаттың күйрегені деген сөз емес пе?! Үкімет бюджетке нақты салықтық түсіммен қамтамасыз етілмеген кірісті салып отыр. Мұны біз Үкіметтің экономикалық блогының жеткілікті деңгейде жауапкершілік пен кәсібилік таныта алмауы деп есептейміз", - деді ол.

Сонымен қатар Бейсенбаев Ұлттық қор қаражатының тиімсіз пайдаланылуына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, 2024 жылы Ұлттық қордан алынатын қаражат 5,3 трлн теңгені құрайды, ал биыл бұл көрсеткіш 6,6 трлн теңгеге жеткен.

"Президенттің қатаң ескертуіне қарамастан, Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан қаражат алуды жалғастырып келеді. Бұл - жалпы қор көлемінің үштен біріне тең сома. Болашақ ұрпақтың несібесіне қол сұғуды доғару керек. Қазір оны еліміздің барлық ата-аналары мен балалары қадағалап отыр. Президент айтқандай, "Ұлттық қор - балаларға!", - деп сөзін қорытындылады депутат.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс отырысында бірқатар депутаттар министрлер мен Үкімет мүшелеріне шүйлікті. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет