«Болашақ» стипендиясының өтеу мерзімі екі есеге қысқартылады

Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Жанболат Мелдешов «Болашақ» стипендиясының ауылды жерлердегі үміткерлеріне арналған жеңілдіктер туралы, сонымен қатар, қандай түлектердің бес жылдық өтеуді шамамен екі есе қысқарта алатыны туралы айтты. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады. 
 
Ж. Мелдешов өңірлердің гуманитарлық, техникалық және басқарушылық әлеуетін дамыту және стипендия түлектерін өңірлерге тартуға ынталандыру үшін «мемлекеттік қызметкерлер» санаты бойынша стипендия иегерлері үшін баламалы 3 жылдық өтеуді ұсыну мүмкіндігін қарастыру жоспарлануда.
 
«Осы шараның қажеттілігі «Болашақ» бағдарламасы бойынша даярланған білікті мемлекеттік менеджерлердің басым көпшілігінің орталықта жұмыс істеуге қалатынымен түсіндіріледі. Орталықтағы бес жылдың орнына өңірде үш жыл өтеу - «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған мемлекеттік қызметшілердің ірі қалалардан өңірлерге ауысуын қамтамасыз етеді деп есептейміз», — деді Жанболат Мелдешов BARCEF–2016 «Болашақ» бағдарламасының ІІІ халықаралық конференциясында.
 
ХБО басшысы конференция қатысушыларына қазіргі уақытта бағдарламаны іске асыруды талдау негізінде әкімшілендіруді одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар тетіктердің пысықталып жатқанын хабарлады.Осылайша, ауылдық мектептердің кадрлық әлеуетін күшейту, сонымен қатар, өңірлердегі стипендия иегерлерінің санын ұлғайту мақсатында, ауылдық білім беру ұйымдарының педагог кадрлары үшін жаңа санат енгізу жоспарлануда. Бұл санатқа ауылда екі жыл еңбек өтілі бар үміткерлер жатқызылады.«Сонымен қоса, олардың ағылшын тілін меңгеруіне орай, жеңілдіктер қарастырылып, олардың ауылдық мектептегі міндетті жұмыс өтеуінің мерзімін қысқарту мәселелері қарастырылған. «Болашақ» стипендиясы кәсіби білім берудің ауыл мұғалімдеріне үздіксіз қолжетімділігін кеңейтеді. Бұл жағдай ауылдың кадрлық және экономикалық әлеуетін арттырады», - деді Ж. Мелдешов.Бұдан өзге, ХБО президенті өзінің баяндамасында Астана және Алматы орталықтарында жарты жылдық оқуды және кейіннен Ұлыбританияның тіл орталықтарында жарты жылдық оқуды көздейтін «6+6» тілдік даярлығының жаңа үлгісін атап өтті.
 
«Бүгінгі таңда оқып жатқан стипендиаттардың саны 60-ты құрайды. Өткен жылдан бері мектептен өткен 173 стипендиат шетелге оқуға түсті. Біз келешекте Қазақстанда кезең-кезеңімен толық тілдік дайындық курсына ауысатын, барлық өңірлерде мектептер ашуды жоспарлаудамыз», - деді Ж. Мелдешов.
 
Еске сала кетейік, Астанада Орталық Азиядағы ауқымды Bolashak Alumni Reunion Conference аnd Education Fair-2016 (BARCEF-2016) «Болашақ» бағдарламасының ІІІ халықаралық конференциясы өткізіліп жатыр.Жыл сайын өткізілетін NAFSA халықаралық көрме-конференциясының үлгісінде өткізіліп жатқан конференцияның қазақстандық және шетелдік қатысушылары Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы негізінде жаһандық білім беруді дамытудың негізгі үрдістерін талқылайды.