- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Болашақ" стипендиясын алу...
"Болашақ" стипендиясын алу қиындай түседі
2016 жылдан бастап "Болашақ" президент шәкіртақысын алу қиындай түседі, - деп хабарлайды strategy2050.kz порталы. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды. Нақтырақ айтсақ, келесі жылдан бастап "Болашақ" стипендиясына үміткерлердің барлық санаты үшін қажетті жұмыс өтілі 2 жылға дейін көбейеді. Бұл жайлы "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Ғани Нығметов ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
"2016 жылдан бастап "Болашақ" стипендиясына үміткерлердің барлық санаттары үшін қажетті жұмыс өтілі 2 жылға дейін арттырылады", - деді Нығметов.
Сонымен қатар, 2016 жылдан бастап "Болашақ" стипендиясы бойынша ағылшын тілін білу туралы өлшемдердің күшейтілетіні хабарланып отыр. Ағылшын тілін білу өлшемі жеңілдігі бар санаттағылар үшін IELTS жүйесі бойынша 5 балға дейін көтерілетін болды. "2014 жылы IELTS жүйесі бойынша ағылшын тілін білу 3 балдан 4 баллға дейін арттырылды. Бұл жеңілдігі бар санаттағыларға, яғни мемлекеттік қызметкерлерге, журналистерге және мәдениет қызметкерлеріне байланысты. 2016 жылдан бастап бұл өлшем 5 балға дейін арттырылып отыр. Осылайша ол жыл өткен сайын артатын болады және уақыты келгенде типтік Университеттердің көрсеткішіне қол жеткізіледі", - деді Ғани Нығметов.
Оның айтуынша, жеңілдігі бар санаттағыларға тіл білімін жақсарту үшін дайындық ұсынылады. "Осы жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда 6 ай, шет мемлекетте 6 ай оқитын болады. 2020 жылға дейін мұндай тілдік дайындық курстары алып тасталады", - деді орталық президенті.