2023 жылдан бастап "Болашақ" бағдарламасы стипендиясының үміткерлеріне қойылатын талаптар күшейді. Енді "Болашақ" бағдарламасының конкурстық іріктеуіне қатысу үшін үміткерлер шет тілін меңгергенін растауға тиіс, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кандидаттар өтініш берген кезде шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы сертификат ұсынады. Мысалы, ағылшын тілінде магистратураға түсушілер нәтижесі 9.0-ден кем дегенде 6.0 IELTS, PBT 677-ден 498, IBT 120-дан 60 TOEFL сертификаттарын, тағылымдамадан өтушілер - IELTS 5.0, PBT-417, IBT-35 TOEFL, DET 75 сертификаттарын ұсынуға тиіс.
"Биыл "Болашақ" бағдарламасының конкурстық іріктеу ережелері жетілдірілді. Бұл шара кандидаттардың құрамын сапалық жағынан арттыру үшін қабылданды. Шетелдік жоғары оқу орнының докторантурасына түсетін қазақстандықтарды қоспағанда, "Болашақ" бағдарламасының үміткерлері шет тілін меңгерудің жоғары деңгейін растауы қажет", - деді "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқарма төрағасы Олжас Сәкенов.
Толығырақ бағдарламаның сайтынан толығырақ білуге болады.
Еске салайық, 2020 жылдан бастап "Болашақ" стипендиясын тағайындау конкурсына жеңілдігі бар кандидаттарды қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орнынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады. Сонымен қатар В1 және одан жоғары деңгейі бар мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы ҚАЗТЕСТ сертификатын ұсыну талабы да қойылады. 2023 жылы "Болашақ" бағдарламасы аясында 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде 395 стипендия магистратура/резидентура, 50 – докторантура бағдарламаларына үлестірілген, сондай-ақ тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді.
Құжат қабылдау және конкурстық іріктеу толығымен автоматтандырылған. Үміткерлер өңірлерден шықпай-ақ, өтініш береді және іріктеудің барлық кезеңінен өтеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!