- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Болашақ" бағдарламасы бойынша...
"Болашақ" бағдарламасы бойынша қанша қазақстандық елге қайтпай қалды және оларға қандай жаза қолданылады?
"Болашақ" бағдарламасының 30 жылдық тарихында қанша қазақстандық шәкіртақы алды? Қанша түлек елге қайтпай қалды? Бұл бағдарлама бойынша шетелде білім алып, елге қайтпай қалғандарға қандай жаза қолданылады? Бағдарлама іске қосылғаннан бастап мемлекет бюджетінен қанша шығын кетті? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын іздеп, Халықаралық бағдарламалар орталығына ресми сауал жолдады.
Бағдарлама жүзеге асырылған 30 жыл ішінде ел экономикасы үшін шетелде 12 мыңнан аса жоғары білікті кадр даярланған. Ал бұл бағдарлама аясында бір стипендиатқа барлық шығынды қоса алғанда жылына орта есеппен 10 миллион теңге қаржы жұмсалады.
Дегенмен шәкіртақымен шетелде білім алып, елге қайтпай қалғандар саны аз емес. Ведомство мәліметінше, "Болашақ" бағдарламасының 30 жылдық тарихында стипендиядан айырылып, елге қайтпай қалған түлек саны шамамен 1 пайыз немесе бар болғаны 180-ге жуық адам. Стипендиядан айырылғандар бағдарлама шеңберінде жұмсалған қаражатты толығымен өтеді немесе өтеп жатыр.
Елге қайтпай қалған студенттерге қандай жаза қолданылады?
Ведомство өкілдерінің айтуынша, елге қайтпай қалған студенттерді алдымен стипендиясынан айырады, кейін оларға айыппұл салынады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы №573 Қаулысымен бекітілген "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және стипендияны жұмсау бағыттарын айқындау қағидаларының 27-тармағына сәйкес, конкурс жеңімпазы өзіне "Болашақ" стипендиясын тағайындау туралы Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия шешім шығарған күннен бастап күнтізбелік 90 күн ішінде әкімшімен жұмыс органы бекітетін үлгілік нысандар бойынша оқу шартын немесе тағылымдамадан өту туралы шарт жасасады, онда міндетті түрде мыналар қамтылуы тиіс:
- конкурс жеңімпазының шетелде академиялық оқуын аяқтағаннан немесе тағылымдамадан өткеннен кейін Қазақстанға міндетті түрде оралуы туралы талап;
- конкурс жеңімпазы өз міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда жұмсау бағытында көзделген шығыстарды қаржыландыруды тоқтата тұру туралы талап.
Қағидалардың 29-тармағына сәйкес, конкурс жеңімпазы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаса конкурс жеңімпазын "Болашақ" стипендиясынан айыру туралы мәселені Республикалық комиссияда қарау үшін бастама жасалады.
Қағидалардың 33-тармағына сәйкес, конкурс жеңімпазы Республикалық комиссияның шешімі бойынша "Болашақ" стипендиясынан айырылған жағдайда Республикалық комиссия "Болашақ" стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдаған күннен бастап оған жұмсалған барлық шығыy, оған қоса тұрақсыздық айыбы (айыппұл) өтелуге тиіс.
© inbusiness.kz
Орталықта "Болашақ" бағдарламасы түлектерінің елде міндеттемелерін еңбекпен өтеуін бақылайтын арнайы түлектермен жұмыс басқармасы бар. Былтыр қатаң бақылау нәтижесінде міндеттемелерді орындамаған стипендиаттардан бюджетке 1,6 миллиард теңгеден аса қаражат қайтарылған.
Стипендия иегері атану үшін кепілге не қоюға болады?
Айта кетейік, стипендиаттар кепілдік нысаны ретінде магистратура, докторантура және резидентура шеңберінде жылжымайтын мүлікті ұсынады. Ал тағылымдамадан өтушілер 2 жеке тұлғаны кепілгер ретінде көрсете алады. Бұған қоса, кейінгі 12 айда тұрақты табысы бар, жасы 50-ге толмаған ҚР азаматы үміткерге гарант бола алады. Жылжымайтын мүлікті кепілге қою талап етілмейді.
"Болашақ" бағдардамасының стипендиаттары кепілге жер қоя алады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек