Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов Ташкентте (Өзбекстан) өтіп жатқан әлем чемпионатының 1/4 финалында жұдырықтасты, Massaget.kz тілшісі.
67 келіге дейінгі салмақта ол мексикалық Мигель Анхель Мартинеске бокстасты. Қазақстандық боксшы қарсыласын 5:0 есебімен сенімді жеңді. Осылайша, қазақстандық боксшы жартылай финалға шығып, әлем чемпионатының жүлдесіне ілікті.
"Ассалаумағалейкүм, қазақ елі. Міне, Аллаға шүкір, әлем чемпионатында жартылай финалға шықтық. Бүгін Мексиканың боксшысын ұттық. Қолдауларыңызға рақмет! Тура осылай қолдасаңыздар, бізде бәрі жақсы болады. Барлығыңызға рақмет. Алғыс айтамын. Бапкерлеріме алғыс айтамын. Қойған тактикасымен жеңіске жеттік. Мұнымен босаңсымай, елге алтынмен қайтамыз", - деді ол жекпе-жектен кейін берген сұхбатында.
Публикация от Спортты дамыту дирекциясы (@drs_kz)
Былтыр Амманда (Иордания) өткен Азия чемпионатында Дулат Бекбауов күміс жүлдегер атанған.
Бұған дейін Санжар Тәшкенбай (48 келіге дейін), Махмұд Сабырхан (54 келіге дейін), Асланбек Шымбергенов (71 келіге дейін) және Нұрбек Оралбай (80 келіге дейін) 1/2 финалға шыққан еді.
Бүгін Ташкентте Қазақстанның тағы бір боксшысы Қамшыбек Қоңқабаев рингке шығады, ол 92 келіден жоғары салмақта өзбекстандық Баходир Жалоловпен жұдырықтасады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!