Boeing қызметкері ұшақтың дыбысын тоққа айналдырудың жолын тапты

Boeing қызметкері ұшақтың дыбысын тоққа айналдырудың жолын тапты
Фото: tn.kz

Boeing компаниясының қызметкері ұшақтардан шығатын дыбысты электр энергиясына айналдыруды ұсынды, - деп жазады Gizmodo басылымы.

Компания инженері Чинь Тохтың айтуынша, шуды арнайы генератор арқылы пайдаға асыруға болады. "Ұшақтардың шығаратын дыбысы қазір құр босқа атмосфераға жайылып кетіп жатыр. Бұл ресурсты далаға шашпай пайдалану керек", - деді ол.

Оның айтуынша, әуежайлардағы ұшып-қону алаңына акустикалық толқындарды қабылдап тұратын құрылғылар орнату керек. Бұл жерде толқындар желге айналып, жел турбиналарды қозғалтады. Турбиналардың қозғалуынан электр энергиясы пайда болады.

Жаңа құрылғының пайдалы әсер коэффиценті қандай екені айтылған жоқ. Массачусетс университетінің мамандарының айтуынша, мұндай жолмен энергия алу – өнбейтін іс. Себебі, ұшақ шығаратын 140 децибел дыбыстан көп энергия алу қиын.

М. Бисембаева