Бұдан былай жалған ақпарат таратқандарға айыппұл салынады әрі блогерлерге жарнаманы таңбалау - міндет, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Сенат депутаттары осындай шараларға мүмкіндік беретін заңды қабылдады. Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" заң негізінде енді меншік иелері мен өкілдері жариялаған қате деректерді жоюға міндетті.
Сонымен қатар жаңа құжатта "блогер", "әсер етуші" терминінің анықтамасы жасалған. Олар онлайн-платформаларда таратқан жарнамаларын арнайы таңбалауы қажет.
Заңның тағы бір назар аударатын тұсы - әлеуметтік желілер интерфейстерді қазақ тіліне аударуға міндеттелді.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетовтің пайымынша, онлайн-платформаларды қазақ тілінде қолданушылар саны жыл сайын артып келеді.
"Мәселен, Tik-Tok желісі қазірдің өзінде интерфейсін мемлекеттік тілге аударып үлгерді, Facebook те автоматты аударма жүйесін енгізіп қойған. Қазақстанда кең қолданыстағы әлеуметтік желі осы бағытта нақты өзгерістер жасап жатыр. Заңда автоматты аударманы пайдалану және қазақ тілінде пайдаланушы келісімінің болуы сияқты нақты нормалар бар. Өйткені, онлайн-платформалар барлық пайдаланушылар үшін тең жағдай жасауы қажет", - деп түсіндірді вице-министр.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!