Блогерлерге жіберілген хабарлама: кірістер комитеті тағы бір мәлімдеме жасады

Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлерге қатысты тағы бір мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 19 ақпанда жалпы сомасы 9,8 млрд. теңгеге 93 блогерге жіберілген 169 хабарлама кері қайтарылғанын хабарлады. Бұған дейін 53,3 млрд. теңгеге 594 блогерге 1 014 хабарлама жіберілді.

"Хабарламалар күшін жойған себеп - оларды жіберу және өңдеу процесінде техникалық ақаулар пайда болуы. Сонымен қатар, техникалық ақаулар жойылғаннан кейін 93 блогерге хабарламалар қайта қалыптастырылатынын қаперлеріңізге саламыз", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық блогерлерге 53 млрд теңге төлеуге бір ай уақыт берілді. Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, 594 адам кірісін жалпы сомасы 53,3 миллиард теңгеге төмендеткен. Енді блогерлер нақтыланған салық есебін тапсырып, салық төлеуі керек немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беруі қажет.

Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова салық органдарына қазақстандықтардан шағым түскенін мәлімдеді. Ол блогерлерге хабарламалар 2025 жылғы ақпанда 2022 және 2023 жылдардағы деректерді талдау нәтижесінде жіберілгенін айтты.

Мемлекеттік кірістер комитеті бұдан кейін де әлеуметтік желілерде тарап кеткен блогерлердің тізімі мен олардың табысы туралы ақпаратқа пікір білдіріп, бұл тізім ресми құжат емес екенін және жүргізіліп жатқан салық тексерісіне қатысы жоқ екенін айтты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз