- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Блогерлер салық төлеу...
Блогерлер салық төлеу үшін Мемлекеттік кірістер департаментіне шақырылып жатыр
Әлеуметтік желіде блогерлер Мемлекеттік кірістер комитетіне шақырылып жатқаны, олар енді салық төлейтіні туралы ақпарат тарап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтаулық блогер Айдар Кәрімбаев қазірдің өзінде Алматыда 87 блогер Мемлекеттік кірістер департаментіне шақырылғанын, ал Ақтау бойынша өзі бірінші шақырылғанын айтады.
"Маңғыстау облысы Мемлекеттік кірістер департаменті. Бүгін осында шақырылдым. Құрметті блогерлер, рахат өмір аяқталды. Блогерлер салық комитетіне шақырыла бастады. Әлеуметтік желіде маркентинг қызметімен айналысатындар ресми түрде жалпы режимге өтуі керек. Яғни жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Ал мен сияқты жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бірақ оңайлатылған режимде жұмыс істегендер жалпы режимге өтеді. Ал жалпы режим дегеніміз - басқа салық, басқа мөлшер. Біртіндеп әрбір блогер шақырыла бастады. Алматыда 87 блогер шақырылды дейді. Тіркеліп, жалпы режимге өткен. Ақтауда менен бастады. Солай, біртіндеп келе беріңдер, 101-кабинет, қуана-қуана қарсы алады", - дейді блогер видеода.
Massaget.kz тілшісі блогер Айдар Кәрімбаевпен сөйлесіп, бұл процесс қалай жүзеге асырылып жатқанын сұрады.
"Кеше Мемлекеттік кірістер комитетінен өздері хабарласып, шақырды. Олар Алматыдан 87 блогер шақырылатынын айтты. Кім жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, оңайлатылған режиммен істейді, солар жалпы режимге көшіріледі. Егер блогер жарнама түсірсе, маркетинг қызметін жүзеге асырса, ресми түрде жұмыс істеуі керек. Яғни жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жалпы режимге өтуі қажет. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендер де, барлығы да шақырылады. Менде бұрыннан жеке кәсіпкерлік бар. Бұрын оңайлатылған режимде 3 пайыз төлейтін едім, жалпы режимде 10 пайыз секілді. Нақты айта алмаймын, кодекстен қарау керек. Құжаттарым дайын тұр. Ақтаудан басқа қандай блогерлер шақыртылғанын білмеймін, жайлап-жайлап шақыртып жатыр, менен бастады, бірінші келдім", - дейді ол.
Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, биыл 10 шілдеде қол қойылған "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" заң 9 қыркүйектен бастап күшіне енген.
Ведомство өкілі мұндай адамдар оңайлатылған режимді қолдана алмайтынын, өйткені бұл режим шағын кәсіптерді қолдау мақсатында жүзеге асырылатынын түсіндірді. Сондай-ақ, департамент өкілдері жалпы режим арқылы қазақстандықтар бизнеске арналған барлық шығысын көрсете алатынын жеткізді.
"Заң ережелеріне сәйкес әлеуметтік желілерде орналастырылған жарнама таңбаланады. Мұндай жарнамадан түсетін кірістерге салық салынады. Салық кодексінде кәсіпкерлерге арналған салық салудың бірнеше режимі белгіленген. Оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимі жиі қолданылады, бірақ ол барлық қызмет түріне қолданылмайды. Мысалы, егер кәсіпкер маркетингтік (жарнамалық) қызмет көрсетсе, ол салық салудың жеңілдетілген тәртібін қолдана алмайды", - делінген ведомствоның Massaget.kz-ке жауабында.
Мемлекеттік кірістер департаменті қанша заңбұзушылық болды, қанша блогер департаментке шақырылғаны жөнінде нақты статистика әзірге берілмейтінін хабарлады. Өйткені департамент өкілдері заң жақында қабылданып, жұмыстар енді басталып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, блогерлер енді кірістер мен шығындардың есебін жүргізуге міндеттелетіні айтылды.
"Салық органдары салық заңнамасы талаптары сақталуына мониторингті тұрақты негізде жүзеге асырады. Егер заңбұзушылық деректері анықталса, салық төлеушінің кабинеті және мобильді қосымшалар (e-Salyq Business, e-gov Mobile) арқылы электрон хабарламалар жіберіледі. Блогерлерге келетін болсақ, олардың кейбіреулері маркетингтік (жарнамалық) қызметтерді ұсынады. Салық кодексінің 683-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес олар жалпыға бірдей белгіленген режимді қолдануға және кірістер мен шығыстардың есебін жүргізуге міндетті", - делінген ведомствоның Massaget.kz-ке жауабында.
Еске салайық, 10 шілдеде Президент "Интернет-алаңдар және интернет-жарнамалар туралы" заңға қол қойғаны хабарланған еді. Кейінірек Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдері заң қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді.
Ал заңгер блогерлерге жарнама жазбасы үшін салық салған дұрыс па деген сұраққа жауап берді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Айдың 29 күні дүниеге келген адамдар қандай болады?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова