Енді кез келген адам косметологиялық қызмет көрсетуге лицензия ала алмайды. Рұқсат алу үшін мұндай орындар медициналық қызметке қойылатын біліктілік талаптарына сай болуы қажет, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Сондай-ақ, клиникалар әр 5 жыл сайын лицензиясын дәлелдеп отыруы керек. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі қолданыстағы заңға осындай өзгеріс енгізу жұмыстарын пысықтап жатыр. Мекемелерге қойылатын талаптар бекітілсе, онда құжат Парламент қарауына жіберіледі. Бұл туралы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы мәлімдеді.
Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, Қазақстанда пластикалық ота жасауға рұқсаты бар 295 клиника жұмыс істейді. Оның 247-сі - жеке меншік мекеме, 48-і - мемлекеттік мекеме.
Косметологиялық мекемелерге бақылау күшеюі тегін емес. Бірнеше күн бұрын Алматыда блогер көз жұмған еді. Кейін маңғыстаулық депутат та пластикалық отадан кейін көз жұмғаны белгілі болды.
"Алматы қаласындағы мәселе бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Арнайы мамандардың, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен комиссия құрамын бекіттік. Маңғыстау облысы бойынша бұған дейін тексеріс болған. Қазір материалдардың бәрін құқық қорғау органдарына, прокуратураға жібердік", - деді ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!