Блогер Ерболат Жанәбілов сотта тосын мәлімдеме жасады

Астанада танымал блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот жалғасып жатыр. 13 сәуірде Ерболат Жанәбіловтен жауап алу басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Блогер қоғамдағы резонансқа қатысты пікір білдірді.

"Құрметті сот, өз ойымды айтқым келеді. Халқымның, бүкіл Қазақстанның алдында келеке болып, мына жерде жауап беріп тұрғым келмейді. Бейне бір адам өлтірген қылмыскердей көрсетіп жатыр. Барлық жерде резонанс, жала, журналистер бізді өздері қалағандай көрсетіп жатыр", - деді блогер.

Сонымен қатар, Ерболат Жанәбілов Дархан Жолшыбековті және Justking деген атпен танымал Нұрбек Нұртазаны мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл блогерлерде де осыған ұқсас жағдайлар болған, бірақ олар тек әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Дарханның өзі де оған әкімшілік айыппұл салынғанын айтты. Өзі сотқа бармаған, адвокаты сөйлеп, шағымданып, апелляцияға берген. Бірақ қылмыстық іс болған жоқ. Неге бізде бұлай болып жатыр, неге қылмыстық іс қозғалды? Заң бәріне ортақ, жағдай бірдей сияқты, бірақ мені қылмыстық жауапкершілікке тартып жатыр", - деді ол.

Еске салайық, 16 наурызда Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот басталды. Олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, сондай-ақ, қылмыстық жолмен келген ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру бойынша айыпталып отыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!