Блогер Эльмира Төлегенова сотта көзіне жас алды

Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастырды деп айыпталып отырған блогер Эльмира Төлегенова сотта кінәсін ішінара мойындады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот отырысы барысында Эльмира Төлегенова мен Ерболат Жанәбіловтің мүддесін қорғайтын адвокат Гауһар Айтжанова өз қорғауындағы азаматтың ұстанымын нақтылап, осы жайттар бойынша кінәсін мойындап-мойындамайтынын сұрады.

Эльмира Төлегенова заңсыз кәсіпкерлікке қатысты бөлікте "заң бұзғанын түсінетінін" айтты.

"Заңсыз кәсіпкерлікке қатысты айтар болсам, әкімшілік іс жүріп жатқанда, біз "қол қоюдың қажеті жоқ, қылмыстық жауапкершілік болмайды" деп сендік, сондықтан ол кезде қол қоймадық. Бірақ қазір, дәл осы сәтте заңды бұзғанымызды түсінемін. Мұны мойындаймын. Шынымды айтсам, мұнда тұру маған өте ауыр", - деді ол.

Сонымен қатар, Эльмира Төлегенова ақшаны заңдастыру және жылыстату бабы бойынша тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, қандай себеппен мұндай айып тағылып отырғанын түсінбейді.

"Сезімге тез берілетін адам емеспін, бірақ бұл жағдай әйел ретінде маған ауыр тиіп тұр", - деді ол көзіне жас алып.

Сөзінің соңында блогер соттан істі жан-жақты қарауды сұрады.

Айта кетейік, өткен сот отырысында блогер Ерболат Жанәбілов жауап берген болатын. 

Еске салайық, 16 наурызда Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот басталды. Олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, сондай-ақ, қылмыстық жолмен келген ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру бойынша айыпталып отыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!