Sekavines лақапатымен белгілі блогер Серғазы Тоқтарбек сотталып кеткен Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол "Курсив" агенттігіне берген сұхбатында айтты.
"Екеуі сенбейтін адамдарға сеніп қалған шығар. Бәрін білмеймін. Бірақ екеуі құрылтайшы болуға келіссе де оларға сенемін. Олар өте жақсы жігіттер. Меніңше, олар адамдарға сеніп, алданып қалған. Олар "Біз алаяқ емеспіз, мұсылман банкімен келісім жасағанбыз, үкіметпен жұмыс істеп жатырмыз. Қалай біз алаяқ боламыз?" дейді. Тендер алса ол көрсеткіш емес. Ал мұсылман банкінен есеп ашып, келісімге келу де көрсеткіш емес. Олар кім немен айналысып жатқанын тексеріп отырмайды ғой. Жай есеп ашып, құжатты көрсете салады", - дейді блогер.
Еске салайық, 23 маусымда вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа сот үкімі шыққан болатын. Сол күні Алматыда Mudarabah Capital қаржылық пирамидасына қатысы бар адамдарға сот үкімі шықты.
Айыпталушы 12 адам. Оның ішінде, танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар.
Төребаев пен Шерниязовтан басқа сотталушылардың барлығы дерлік Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша ("Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу") кінәлі деп танылды.
Вайнерлер тек 217-бап (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен күдіктілерге бас бостандығынан айырудың түрлі мерзімдері тағайындалды.
Сот үкімі бойынша Мейірхан Шерниязов бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға, Мейіржан Төребаев та тек бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!