Танымал қазақстандық актер және блогер Нұртас Адамбайға әлеуметтік желідегі жазбасы үшін айыппұл салынды. Астана сотының шешімі бойынша актер Instagram парақшасында Құраннан үзінді жариялап, заң бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Актер бұл әрекетінің заңбұзушылық екенін білмегенін алға тартады.
"Астана қаласының дін істері басқармасы Instagram парақшама Құран Кәрімнің аудармасынан сөздер жазғаным үшін мені сотқа берді. Шынымды айтсам, біздің елде Құран аудармасын келтіруге болмайтынын білмедім", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сот процесі кезінде Адамбай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны сотқа шақыруды сұраған. Алайда бұл өтініш қанағаттандырылмаған көрінеді.
Айта кетейік, Нұртас Адамбай әкімшілік кодекстің 490-бабы 1-бөлігінің 3-тармағы бойынша "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу" әрекеті үшін жауапкершілікке тартылды.
Қазақстанда діни материалдарды, оның ішінде Құранды, заңда рұқсат етілген жерлерде ғана жариялауға болады. Бұл талапты бұзған жағдайда азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!