- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Білімді, бай, күшті...
"Білімді, бай, күшті болу". Ахмет Байтұрсынұлы жастарға қандай өсиет айтты?
5 қыркүйек - ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Биыл өткен ғасыр басында тіл, әдебиет, мәдениет секілді түрлі салаға қатысты ауқымда еңбектер жазып, Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі болған ұлт зиялысының дүниеге келгеніне 150 жыл. Massaget.kz тілшісі қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Әбдіжәлел Бәкірмен сұхбаттасып, Алаш ардақтысын дәріптеуде не кенже қалып жатқанын сұрады.
Әбдіжәлел Қошқарұлының сөзінше, Алаш зиялыларының өмірі мен шығармашылығын зерттеу, дәріптеу республика деңгейінде қолға алынуы - құптарлық бастама.
"Алашқа көңіл бөле бастағанымызға ризашылық білдіремін. Ахмет Байтұрсынұлының көшелерге сөздерін, айтқан жақсы өсиеттерін іліп, жер-жерде тұрақты жазу өте дұрыс деп ойлаймын. Себебі азын-аулақ алашты зерттеген адаммын, қазір бірыңғай Мұстафа Шоқайды зерттеумен айналысып жүрмін. Бүгінде алаш идеяларын игермей, алаш идеяларын білмей, алаш идеяларын күнделікті өмірлік құралымыз етпей, Тәуелсіз елдің Тәуелсіз азаматы бола алмаймыз. Алаш зиялыларында идея көп. Біз соған көңіл бөлмей кеттік. Тарихымызға көңіл бөлмей кеттік. Кейінгі кезде Президентіміз "тарихқа көңіл бөлейік, алашқа көңіл бөлейік" дегені өте дұрыс. Бұл - өте дұрыс бағыт", - дейді алаштанушы.
Қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы еңбектері мен идеяларында Тәуелсіз мемлекеттің іргетасы болар ұстаным жатқанын айтады.
"Алаштың мұрасын зерттеуге әлі де көңіл бөліңкіремей жүрміз. Әлиханды толық зерттеген жоқпыз, Ахмет Байтұрсынұлының үлкен қазынасын зерттеген жоқпыз. Екі-ақ мәселе бар. Ахмет Байтұрсынұлы "Біз кейін қалған халықпыз. Ал жұрттан кем болмау үшін білімді болуымыз керек, бай болуымыз керек, күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіппен айналысу керек, күшті болуы үшін бірлігіміз болуы керек" дейді. Мен осыны Тәуелсіздіктің әлеуметтік формуласы деп ойлаймын. Бірақ мұны насихаттап жатқанымыз шамалы. Қайда бара жатқанымыз, не оқып жатқанымыз белгісіз. Университетте мұғалім болдым. Кейінгі кезде білімге қатысты көзқарастар бар, мұны жөндемейінше, жастарды кәсіпке, бірлікке, туысқандыққа, ағайындыққа, ұлттың мүдделеріне бейімдемейінше, шын мәнінде әділетті Қазақстан орнатуымыз қиын. Бұл мәселеге терең көзқараспен қарауымыз қажет әрі мұны әрбір қазақстандық түсінуі керек", - деді Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкір.
Алаштанушы жоғары оқу орындарында "Ахметтану" пәні енгізілуіне қатысты пікір білдірді.
"Алаш көсемдері ішінен Әлихан Бөкейханұлы мен Ахмет Байтұрсынұлын айрықша айтар едім. Ахметтану, Әлихантану ғылымдарын арнайы сала етіп, белгілі бір оқу орындарында, жоғары оқу орындарында зерттеп, оқытып, жүйеге түсіріп жатса, ештеңеден ұтылмаған болар едік. Мұстафану ғылымы да керек дер едім. Алаштың ішінде саяси жағынан ерекше адамның бірі - Мұстафа Шоқай. Біз Мұстафа Шоқайдың шығармаларының көбін аударған жоқпыз. 224 қана шығармасы қазақ тіліне аударылған, 448 мақаласы орыс тілінен аударылған жоқ, 1130 мақаласы француз тілінен аударылған жоқ, ағылшын, неміс, поляк тіліндегі шығармалары аударылған жоқ. Бүгінде Алашқа көңіл бөлуіміз Президентіміз қойып отырған талап деңгейінде емес. Алаштың идеяларын игермейінше, білмейінше, Тәуелсіздіктің талаптарын ұғынбайынша және әлемдегі қажет әлеуметтік-саяси мәселелерді игермейінше, жаңа, әділетті Қазақстанның азаматы бола алмаймыз. Бұл бағытты ерекше көзқараспен, ерекше таныммен, ерекше ниетпен ықыласпен зерттеуіміз қажет, жүйелі жұмыс істеуіміз керек", - дейді ол.
Ахмет Байтұрсынұлы білім беру саласына қатысты да маңызды мәселелерді көтерген. Әбдіжәлел Қошқарұлының пікірінше, бүгінде ұлт ұстазының біраз ұстанымы шеткері қалып жатыр.
"Ахмет Байтұрсынұлы "Бастауыш мектеп" деген мақаласы бар. Онда "бастауыш сыныпты 5 жылдық етуіміз керек дейді, 3 жылды қазақ баласы қазақ тілінде оқуы керек, 4-сыныптан бастап орыс тілін оқуы керек" дейді. Қазіргі жағдайды қараңыз, үйімнің маңында №11 мектеп бар. Биыл осында 1-сыныпқа 9 сынып ашылған. Алтауы - орыс сыныбы, үшеуі - қазақ сыныбы. Алтауында оқитындар кімдер? Негізі, қазақтың балалары. "Неге олай?" десем, ата-аналар "балаларының орысша оқығанын жақсы көреді, өйткені қазақ сыныптарында жөнді білім бермейді" дейді. Қандай қайшылық? Бір мектептің өзінде 9 сыныптың үшеуі ғана қазақ тілінде болып отыр. Ал Нұр-Cұлтанда 91 мектеп бар, оның 34-і ғана қазақ мектебі. Қайдан қазақтың тәрбиесі болады? Орыс тіліне ешқандай қарсы емеспін. Мысалы, Мұстафа Шоқайдың 12 томдығы 9 тілде жазылды, сөйтіп, әлемге шықты. Әлихан Бөкейханұлы 9 тіл білген, тіл білгеннің кемістігі жоқ. Бірақ ең бірінші әр ұлттың өкілі өз тілін білуі керек", - деді Әбдіжәлел Қошқарұлы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова