Білім саласындағы өзекті проблемаларды көтеріп жүрген маман және ұстаз Аятжан Ахметжан "Kultobe" подкастында оқу-ағарту министрлігінің жұмысын сынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аятжан Ахметжанның айтуынша, оқу-ағарту министрлігінің қабылдаған кей өзгерістері жемқорлықтың өршуіне әкелуі мүмкін.
"Аймағамбетовтың кезінде болған нақты екі өзгеріске тоқталайын. Асхат Аймағамбетов оқушыны қаланың ішінен бір өңірге тоқсанның үзілісінен басқа уақытта ауыстыруға болмау туралы норма қойып тастады. Биыл оны алып тастады. Оны алып тастау қандай мәселе тудырады? Мысалы, жекеменшік мектептер әр айдың 15-і күні мемлекетке өзінде оқып жатқан бала жайлы тізім өткізеді. Ал енді ертең жекеменшік мектептер мемлекеттік мектептерден баланы әкеледі де, 10 күн тұрғызады да, оны ата-анасы да білмей қалады, қайтіп өзіне жіберіп тастайды. Мұндай жемқорлық фактілері туады. Сосын 25 мамыр сабақ бітеді, 23 мамыр күні ауысып тұрғанына таңғалудың қажеті жоқ. Тәртіпке келіп қалып еді, сол тәртіпті қайтадан бұзып жіберді", - дейді ұстаз.
Маман жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін тағы бір өзгеріс жайлы айтып берді.
"1 сыныпқа оқушы қабылдауды заңмен 31 шілдеде аяқтайтын етіп еді. Оны қазіргі министр Ғани Бейсембаев қайтадан 31 тамызға ысырып тастады. Ол не нәрсеге әкеледі? Жұрт 31 шілдеге дейін құжатын тапсырып болады, мектеп директоры тамыз айында "менің мектебіме қанша оқушы келді" де, оқулығын, кабинетін және мұғалімін дайындайды. Енді қазір қалада директор тамыздың соңына дейін неше сынып ашылатынын білмей отырады. Сосын 1 қыркүйекте сабақ басталады, не оқулық жетіспейді, ал артық оқулық алып қойса, мемлекет "неге артық оқулық аласың, қаржыны тиімді пайдаланбадың" деп қысады. Мұны директор болған адам ғана түсінеді. Сондықтан да қоғамда қызу талқыланбайды", - дейді ол.
Ол жаңа оқу жылында жаңа министр көргісі келетінін жасырмады.
"Дұрыс жүйеге түскен нәрсені құртып жатырса, мен қалай қазіргі министрдің жұмысын дұрыс бағалаймын? Мен Ғани Бейсембаевтың қызметінен кеткенін қалаймын. Жаңа оқу жылында жаңа министр көргім келеді. Қорықпай, жұрт сынаса да, дұрыс шешім қабылдай алатын министр көргім келеді", - дейді Аятжан Ахметжан.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!