Білім ордасы қазір темір құрсаулардың көмегімен ғана тұр: Апатты мектепте балалар білім алып жатыр

Қарағанды облысы Талды ауылында балалар апатты мектепте оқып жүр. Білім ордасы қазір темір құрсаулардың көмегімен ғана тұр. Оған да біраз жыл өткендіктен қабырғасы қақырап, іргетасы сөгілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ал жаңа мектеп құрылысы біраз уақыт тұралап қалған.

Әйгерім Бағдатқызы екі баланың анасы. Үлкені екінші, кенжесі даярлық сыныбында білім алады. Өзі де осы мектепте жұмыс істейді. Күнде қабырғасы қираған мектепке балаларын жетектеп келіп, кеткенше үреймен отыратынын айтады.

"Міне, біз мектепке баламызды әкелеміз, кейде кіреберісте, топтарында, сыныптарында жарықтарды байқаймыз. Кейде жоғарғы қабатта балалар жүгірген кезде, астыңғы қабатқа топырақтар құлап түсіп жатады. Сол кезде қорқыныш пайда болады. Мына мектебіміз тезірек бітсе екен. Сол жерге барып балаларымыз оқыса екен деген ой туындайды", - деді Талды ауылының тұрғыны Әйгерім Бағдатқызы.

30 жылдан астам уақыт бұрын салынған мектеп құрылысы 2005 жылы сыр берген. Сол кезде қауіпсіздік үшін айналдыра темір құрсаулармен қаптаған. Ал 2021 жылы тіпті 70 пайызға дейін апатты деген техникалық қорытындысы шыққан. Мектепте 184 оқушы сабақ оқып, 60-қа жуық мұғалім жандарын шүберекке түйіп білім беруде.

"Қауіп бар қорқамыз. Опырылып жатқан фундкментті көрген кезде, жарылған қабырғаларды көрген кезде, сырттан кіріп келе жатқанда жарылып, бүлініп тұрған жерлерді көрген кезде әрине қорқынышты. Жылдың соңында міндетті түрде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз", - деді мектеп директорының орынбасары Алтын Құсайынова.


Ескі мектеп бұзылып, жаңа мектеп салынуы тиіс болған. Тіпті жер де беріліп, құрылыс басталған еді. 2021 жылы бастау алған мектеп құрылысы әлі жалғасуда. Сапасыз іргетастың болуына байланысты орта жолдан тоқтаған.

"23 жылы аяқталуы керек болатын. Бірақ тоқтап қалды да, енді қайта жанданып жатыр. Жұмыстар жасалып жатыр. Фундамент салуы, жердің отыруына байланысты тоқтаулар болды", - деді Қ.Аманжолов атындағы ауылдық округ әкімі Ербол Жоламан.

Жаңа мектептің құрылысына 1 милионнан аса қаражат бөлінген. Оқушылар онда 2025 жылы ғана білім ала алады. Оған дейін ескі білім ошағында амалдауларына тура келеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз