Білімі жоқ азаматтар 800 мың теңге жалақы сұрайды - министр Жақыпова

Білімі жоқ азаматтар 800 мың теңге жалақы сұрайды - министр Жақыпова
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова азаматтар жұмыстан қашқан немесе бас тартқан жағдайда мәселені заңмен реттеу керек деген ұсыныс білдірді. Бұл туралы ол Үкімет сағатында айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жұмыс істей алатын азаматтар мемлекеттен көмек алып отыр – депутат

Депутат Анас Баққожаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне сауал жолдап, қазіргі таңда жұмысқа қабілетті кейбір азаматтар да мемлекетке алақан жайып отырғанын мәлімдеді.

"Жұмыссыз жүрген адамдардың өтемақысын не істейміз? Бір сақманның өзінде фермерлер қаншама адам таба алмай жатады?! Қаншама жұмыс дайын тұр, вакансиялар бар?! Бірақ жұмыссыз деп тіркеліп, мемлекеттен көмек алып отырғандар бар. Ауылдағы тұрғындарды жұмыссыз деп есептеу – қаншалықты орынды? Мүгедектігі бар азаматтар болса, шын мәнінде ешқандай жұмыс істеуге мүмкіндігі болмай бара жатса, көпбалалы болса, ол – түсінікті жағдай. Бірақ он екі мүшесі сау, жұмыс істей алатын азаматтар өтемақыға отырып алған. Жұмыс көп, ешкім бармайды. Бұл – жалқаулықты, теріс дүниені насихаттамай ма?" – деді депутат.

Депутат Анас Баққожаев

800 мың теңге жалақы сұрайтындар бар – министр

Министр Светлана Жақыпова бюджеттен ешкімге тегін ақша беріліп жатпағанын жеткізді.

"Біріншіден, әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Азамат жұмыс істеп, кейін жұмысын жоғалтып, жұмыссыз 6 ай отырған кезде ғана беріледі. Басқа азаматтарға өтемақы төленбейді. Республикалық бюджеттен ондай төлемдер жоқ. Тегін ақша беріп отырған жоқпыз", – деді ол.

Сонымен қатар ведомство басшысы кейбір азаматтар жоғары жалақы ұсынатын жұмыстарға да барғысы келмейтінін айтты.

"Ауылды жерлерде, Солтүстік Қазақстанда Сергеевка ауылында дәнекерлеуші (сварщик – еск.) керек, "еңбекақысы 600 мың теңге" дейді. Сондай жерге бармай жатқан азаматтар бар. Сондықтан біріншіден, балаға еңбекке деген ынтаны жанұяда беруіміз керек. Қытайлардың жанұяларына қарасаңыз, балалар екі маусымда оқиды, мектепте ұйықтайды екен. Сондықтан жас уақытынан жұмысқа үйренген. Қазіргі уақытта "жұмысқа шығыңыз, 300 мың теңге төлемақы береді" дегенде білімі, біліктілігі жоқ азаматтар 800 мың теңге сұрайды", – деді Жақыпова.

Министр жұмыстан қашатындарға, бас тартатындарға қатысты мәселені заңмен реттеу керек деген пікір білдірді. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова