2016 жылғы 3-12 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Түзеу педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығы базасында арнайы мектепке дейінгі және мектептік арнайы білім беру ұйымдары логопедтері үшін қазақ тілінде біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
Тұтықпасы бар балалармен жүргізілетін логопедиялық жұмыстың ерекшеліктері қарастырылған курстарда мектепке дейінгі және мектептік білім беру ұйымдарының балаларымен жұмыс барысында инновациялық тәсілдеме қолдану мәселелері қаралды. Оған Қазақстанның 15 өңірінен 21 тыңдаушы қатысты.
Курс аясында оңалту орталықтарының педагог-дефектологтары үшін көру қабілеті бұзылған мектепке дейінгі жастағы балалармен түзету жұмысын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету тақырыбы бойынша арнайы зертхана қызметкерлерімен дисциплинааралық семинар өткізілді. Семинарда мектепке дейінгі жастағы көрмейтін баланың түйсік және ұсақ моторикасын дамыту бойынша өткізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері қарастырылды.
Сонымен қатар, семинар аясында көрмейтін балалардың түйсік және ұсақ моторикасы даму деңгейінің әзірленген тексеру картасы көрсетіліп, диагностикалық жұмыс процесінде қолданылатын әдістер (диагностикалық материалдарды қолдану арқылы баланы үздіксіз тексеру, әртүрлі әрекетте баланы бақылау, баланың нәтижелі қызметін талдау) айқындалды.