Білім гранты иелерінің тізімі 10 тамызда жарияланады, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдерінің мәліметінше, мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады.
"Грантқа үміткерлердің өтінімдерін комиссия мүшелері қарайды. Оның құрамына министрліктің, мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы, бұқаралық ақпарат құралдары, Қазақстанның азаматтық альянсы және қоғамдық ұйым өкілдері кіреді. Талапкерлердің ҰБТ-да жинаған балдарына және бекітілген ережелерге сәйкес конкурстық негізде гранттар тағайындалады.
Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына бөлінетін гранттар саны көбейтілді. Яғни көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар грант алуда басым мүмкіндікке ие болды. Сондай-ақ, ауыл балалары және ҚР азаматтығы жоқ ұлты қазақ азаматтар үшін де квоталар көзделген", - делінген хабарламада.
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін барлығы 80 мыңға жуық өтінім берілді. Құжаттарды қабылдау 13-22 шілде аралығында жүзеге асырылды.
Конкурстық iрiктеудiң қорытындысы ҚР Ғылым және жоғары бiлiм министрлiгiнің ресми Telegram-арнасында және республикалық БАҚ беттерiнде жарияланады.