- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Білім гранттарының тізімі...
Білім гранттарының тізімі 11 тамыз күні жарияланады
Кеше, 7 тамыз күні Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов бастаған білім және ғылым министрлігінің білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық конкурстық комиссиясы өз жұмысын аяқтады. Қазір оны баспасөзде жариялау үшін беттеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы министрлік баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады.
Биылғы тест сынағын тапсырғандарға берілетін мемлекеттік білім гранттарының иелерін анықтайтын комиссия құрамында мемлекеттік органдар қызметкерлері, ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан азаматтық альянсының, ғылым және білім қызметкерлері кәсіподағының өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары болды. Осы құрамдағы комиссия 2015 жылға бөлінген 32 168 грант иегерлерін толық анықтады. Гранттың 500-і жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне берілсе, 29 668 грант 1 курсқа оқушылар қабылдауға арналды. Соның ішінде күндізгі оқу бөліміне – 29 168, сырттай үшін 500 грант берілді. Білім гранттарын қабылдау құқығын конкурс жолымен анықталған 60 жоғары оқу орны жеңіп алды. Көрсетілген басымдықтар есебімен 12 600 грант – түлектерді техникалық және технологиялық, 6000-ға жуық грант – педагогикалық, 2 690 грант ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы мамандықтары бойынша оқытуға бөлінді.
Еске сала кетейік, 2015 жылы білім гранттарын алуға 67 377 түлек қатысты. Олардың 53 162-сі – қазақ, 14 215 орыс мектептерін бітірген. Сол сияқты «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы шеңберіндегі квотаны алу үшін таласқа 6 457 мектеп бітіруші үміткер болды. Конкурсқа «Алтын белгі» төсбелгісінің 2 116 иегері атсалысты. Бұлардан бөлек, үміткерлер арасында Назарбаев зияткерлік мектептерінің 1 255 түлегі, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық және республикалық олимпиадалардың 163 жеңімпазы, жалпы білім беретін пәндер халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың 930 жеңімпазы, республикалық және халықаралық спорт жарыстарының 816 жеңімпазы, президенттік олимпиаданың 6 жеңімпазы бар. Олардың бәрі білім беру грантын тағайындау кезінде басымдылықтар алды. Хабарламада конкурсқа қатысатындар арасында сондай-ақ 483 жетім баланың I және II топтардағы 341 мүгедектің бар екені атап көрсетілген. Сол сияқты соғысқа қатысушыларға теңестірілген жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша 20 абитуриент конкурсқа түсті. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын қазақ ұлтының 1 190 өкіліне квота қаралды.
Отырыста осының бәрін саралай қарап шыққан комиссия грант иелерінің аты-жөндерін толық анықтап болды. Енді асыға күтіп отырған барша ағайынға білім гранттарына ие болғандардың тізімі республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің 11 тамыз, сейсенбі күні жарыққа шығатын нөмірінде жарияланатынын жеткізгіміз келеді. Ал айрықша асыққан оқырман оны «Егемен Қазақстанның» сайтынан (egemen.kz) сол күні түнгі 00:05 сағаттан бастап қарап, көре алады.
Ж. Өрісбай