- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Білім, еңбек және...
"Білім, еңбек және өзара жауапкершілік". Ұлтты ұйыстыратын ұлттық құндылықтар қандай?
Қазіргі қазақ қоғамын тәуелсіздік, әділет, татулық, білім, еңбек және өзара жауапкершілік сияқты құндылықтар біріктіре алады. Бұл туралы "Ұлттық мүдде" диалог алаңының кезекті отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.
Отырыстың бұл жолғы тақырыбы "Әділетті Қазақстанның ортақ құндылықтары" болды. Оған зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар да қатысып, елімізде кейінгі кезде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың нәтижесін талқылады. Бұған қоса, Әділетті Қазақстан және интеллектуал ұлт қалыптастыру жолындағы ұлттық құндылықтардың рөлі де айтылды.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауқымды реформалар жасалып жатыр.
Сонымен бірге ол Конституцияға енгізілген өзгерістер Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам болғанын да айтты.
Сенат төрағасы заң шығару саласындағы жаңашылдықтарға да назар аударды.
"Әділетті Қазақстан дегеніміз – бірінші кезекте, барлық салаға әділеттілік қағидатын енгізу. Осы бағыттағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттік институттар мен азаматтық қоғамның күшін біріктіріп, әр істе ұлттық мүдде тұрғысынан саралап әрекет ету аса маңызды. Бүгінгідей сындарлы кезеңде ұлтты ұйытатын ортақ құндылықтарды дәріптеудің берері мол деп есептейміз", – деді Мәулен Әшімбаев.
Жоғары палата спикері негізгі және қазақстандықтардың мүддесі мен бүгінгі сұраныстарына сай келетін құндылықтар туралы айтты.
"Бүгінгі тақырып туралы сөз қозғаған кезде "біздің ортақ құндылықтарымыз қандай" деген заңды сауал туындайды. Бұл тұрғыда әркім әртүрлі көзқарас ұстануы мүмкін. Бірақ негізгі қағидалар бойынша бәріміздің пікіріміз бір жерден шығады деп ойлаймын. Біздің қоғамды тәуелсіздік, әділет, татулық, білім, еңбек және өзара жауапкершілік сияқты құндылықтар біріктіреді", - деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс барысында ортақ құндылықтарды дәріптеудің тетіктері туралы да сөз болды.
Қатысушылар ұлттық мүддеге табан тірейтін дұрыс құндылықтарды өскелең ұрпаққа, жастарға насихаттау кезінде жүйелі жұмыс жүргізу және тиімді жолын табу аса маңызды екенін айтты.
Одан бөлек, медиасарапшылар мен креативті индустрияның өкілдері контенттердің жаңа үлгісін және оларды таратудың заманауи тәсілдерін ұсынды. Мәулен Әшімбаев талқылау барысында айтылған ұсыныстардың бәрі Сенаттың алдағы жұмысында ескерілетінін жеткізді.
"Әділетті Қазақстан құру бастамасы елдігіміз бен егемендігіміз үшін аса маңызды қадам. Оны іске асыру тек мемлекеттің ғана міндеті емес. Бұл – бүкіл ұлт болып жұмылатын маңызды міндет. Осы жолда ортақ құндылықтарды қалыптастырып, оларды дәріптеудің ұтымды, заманауи тетіктері мен формаларын табудың мәні зор. Бұл бағытта зиялы қауым, ғалымдар, мемлекеттік органдар, креативті индустрия мен өнер саласында қызмет етіп жүрген азаматтар, қоғамдық ұйымдар бірлесіп, бәріміз бірге нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін", – деді ол.
Айта кетейік, диалог алаңының отырысына сенаторлармен бірге мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Bilim Media Group компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы, медиасарапшы Мақпал Жұмабай, мультипликатор, халықаралық кинфестивальдердің лауреаты Сақиолла Қасиет және тағы басқа сарапшылар қатысты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz