Қазақстанда білім беру саласындағы қызмет бір жылда 15 пайызға қымбаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Атырау облысында баға айтарлықтай өсті, яғни бір жылда бірден 60,4 пайызға көтерілген. Антилидерлер бестігіне Түркістан (28,2 пайызға), Қарағанды (21,9 пайызға), Шығыс Қазақстан (19,9 пайызға) және Павлодар (19 пайызға) облыстары да енді. Керісінше, Алматы облысында бұл қызмет құны салыстырмалы түрде айтарлықтай қымбаттамаған: 5,3 пайыз.
Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру қызметі бойынша 11,1 пайызға, орта мектеп бойынша 9,6 пайызға, кәсіптік орта білім беру бойынша 20,2 пайызға, жоғары оқу орындары бойынша 17 пайызға, ересектерге арналған білім беру қызметі құны 15,9 пайызға қымбаттады.
2022 жылғы үшінші тоқсанда білім беру саласындағы қызмет көлемі 949,8 миллиард теңгеге жеткен. Былтырмен салыстырғанда 17,4 пайызға артық. Білім беру саласында ең көп қызмет бюджет есебінен көрсетілген, яғни 836,6 миллиард теңге. 90,4 миллиард теңге - халық есебінен көрсетілген қызмет көлемі, 22,9 миллиард теңге - кәсіпорындар есебінен көрсетілген қызмет көлемі.
Білім беру түрлері бойынша қызметтің ең көп көлемі негізгі және жалпы орта білімге тиесілі: 444,9 миллиард теңге, оған қоса жылына 12,5 пайыз. Ал мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы қызмет көлемі 158,7 миллиард теңгеге, жоғары білім беру саласында 110,2 миллиард теңгеге жеткен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!