Білім беру саласындағы былық: Шымкентте колонияда отырған сотталушы тағы миллиардтаған қаржы жымқырған

Білім беру саласындағы былық: Шымкентте колонияда отырған сотталушы тағы миллиардтаған қаржы жымқырған
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті білім беру саласына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Тергеу амалдарына сай 2018-2023 жылдар аралығында "Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі" ЖШС мен "Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі" ЖШС құрылтайшысы жалған оқыту схемасын ұйымдастырған. Қылмыстық схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер және өзге де байланысы бар тұлғалар қатысқан. 

"Азаматтар оқу орындарына формалды түрде қабылданғанымен, іс жүзінде білім алмаған. Бұл мемлекеттік білім беру тапсырысы және кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында бюджеттен қаржы алуға мүмкіндік берген. Схема жалған оқуға қабылдау және жұмысқа орналастыру туралы бұйрықтарды рәсімдеу, құжаттарды растау үшін электрон цифрлық қолтаңбаларды пайдалану, сондай-ақ, орындалған жұмыстар туралы жалған актілер жасау арқылы жүзеге асырылған. Сонымен қатар, медициналық колледждің ақылы бөлімінде оқыған студенттердің бір бөлігі мемлекет есебінен білім алушылар ретінде рәсімделгені анықталды. Бұдан бөлек, "Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі" іс жүзінде жұмыс істемеген және тек бюджет қаражатын алу үшін формалды құрылым ретінде пайдаланылған", - деп жазылған хабарламада.

Шығын көлемі

Мемлекетке келген жалпы залал 1,3 миллиард теңгеден асқан. ҚМА мәліметінше, бұл схеманы ұйымдастырушы бұған дейін жымқыру дерегі үшін кейінгі үш жыл бойы бас бостандығынан айыру орындарында бола тұра, заңсыз әрекетті сол жерден басқарған.

Тергеу барысында күдіктілер 65 миллион теңге көлеміндегі залалды ерікті түрде өтеген. Сот санкциясымен 3 пәтерге, соның ішінде Дубай қаласындағы пәтерге, 3 тұрғын үйге және 3 көлікке тыйым салынды.

Екі күдіктіге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, тағы үш адамға ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget