Білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу: Тоқаев жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жарлықтың негізгі мақсаты – жасанды интеллект жедел дамып келе жатқан кезеңде Қазақстан Республикасының өркендеуін қамтамасыз етіп, адами капиталды ілгерілетуге үлес қосатын заманауи, инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыруға жағдай жасау.  

Жарлыққа сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі 2026 жылғы 1 шілдеге дейін дербес оқыту тетігін, цифрлық инфрақұрылымды, педагог кадрлар даярлауды, білім алушылардың жеке мәліметін қорғауды көздейтін Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің 2026-2029 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын бекітеді.  

Жарлықта Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Ли Кай-Фудің ұсыныстарын жұмыс барысында қолдану қарастырылған. Үкімет қала мен ауыл мектептері арасында білім беру сапасының алшақтығын қысқарту мақсатында 2026 жылғы 1 маусымға дейін орта білім беру саласындағы пилоттық жобаны іске асыру, оны одан әрі кеңінен тарату жөнінде нақты ұсыныстар енгізуге тиіс.  

2026 жылғы 1 тамызға дейін пилоттық жобаны іске асыру аясында мектептер техникалық тұрғыдан жарақтандырылады, соның ішінде тұрақты, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіледі.  

2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану стандарттары бекітіледі.  

Сондай-ақ, 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін педагогтердің кәсіби тұрғыдан үздіксіз дамуын көздей отырып, олардың қызметіне нұқсан келтірмей әрі алмастырмай жасанды интеллект технологияларын білім беру процесінде қосымша тиімді құрал ретінде пайдалануды қамтамасыз ететін шаралар жоспары қабылданады.   

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!