Білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталық мәліметінше, негізгі ҰБТ басталғаннан бері 218 мың ретке жуық тест тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде, 0,1 пайызы ағылшын тілінде тестілеуден өткен.
ҰБТ басталғалы шекті балды 78 пайызға жуық талапкер жинаған. Орташа балға - 69. Ең жоғары балл - 137.
"ҰБТ-ның бесінші аптасы аяқталды. Осы аптада жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясы өз жұмыстарын бастап, 25 тамызға дейін оқуға түсуге құжаттарды қабылдайтын болады. Сондай-ақ, "Педагогикалық ғылымдар" және "Денсаулық сақтауға" түсушілер үшін міндетті емтихандар басталды. ЖОО-лар 7 шілдеге дейін шығармашылық емтиханға қатысу үшін өтініштерді қабылдап, емтихандардың өзін 8-15 шілде аралығында өткізеді. Грант конкурсына құжаттарды қабылдау ҰБТ аяқталған соң, 13-20 шілде аралығында жүзеге асырылады. Мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады", - деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында бес аптаның ішінде олар 606 рет ҰБТ-ға қатысты.
Бүгінде 290 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 229 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
Сонымен қатар, 2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!