Астанадағы мектептердің бірінде оқушылардың қысылып қалғаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде астаналық мектептердің бірінің баспалдағында түсірілген сурет пайда болды. Жазба авторының айтуынша, сурет үзіліс кезінде түсірілген.
Астана Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, суретте кейінгі 5 жылда үш ауысыммен жұмыс істеген №59 мектеп-лицейі бейнеленген.
"2023 жылғы 4 қыркүйекте №59 мектепте білім алушының көп болуына байланысты үзіліс кезінде оқушылардың қозғалысына қатысты мәселе туындаған. 5 қыркүйектен бастап кабинеттік жүйе уақытша тоқтатылды. Қазір сабақтар өздеріне бекітілген кабинеттерде өтіп жатыр. Жоғары сыныптар сабақ кестесіне сәйкес мамандандырылған кабинеттерге көшеді. Қазір бұл мәселе шешілді", - деді ведомство өкілдері.
Жаңа оқу жылында мектеп жанынан 1200 оқушыға арналған жаңа ғимарат пайдалануға берілген.
"Бұл мектепте үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Алайда көші-қон ағынының жыл сайын ұлғаюына және №59 мектептегі балалар санының көбеюіне байланысты бұл мәселе өзекті болып қала береді", - деді басқарма өкілдері.
2023 оқу жылында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында мектептің маңында тағы бір мектеп салынып, пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, билік өкілдерінің айтуынша, қалада №59 мектеп-лицей орналасқан Есіл ауданында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 6 "жайлы" мектеп салынады.
Еске салайық, Көкшетаудағы мектептердің бірінде оқушылардың дәлізде қысылып қалғаны бейнеленген видео тарап еді. Білім басқармасы тергеу жүргізді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!