"Білгеніңізді істеңіз" деп айтты". Шымкент тұрғындары жоқ жиһаздың кредитін төлеп жүр

Шымкенттік бір топ тұрғын жоқ жиһаздың кредитін төлеп жүр. Олар дүкен сатушыларына ақшасын беріп, не жиһазды ала алмай, не қаражатты қайтара алмай жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

"Білгеніңізді істеңіз, 102 шақырасыз ба, не шақырасыз, өзіңіз білесіз" деді. Ешқандай ақшаңызды қайтармаймын" деді. Маған солай тіке айтты", - дейді Шымкент тұрғыны.

Шымкентте 10 шақты тұрғын қаладағы базарлардың бірінің жанынан ашылған жиһаз дүкеніне алданып қалдық дейді. Олардың айтуынша, бұл дүкен басқалардан арзанырақ баға ұсынған. Ақыр соңында не ақшасыз, не жиһазсыз қалған.

"Басқа жерлер 25 мың деген столды 21 мың деді ғой. Содан 40 дана есептеттім, ол 840 мың теңге болды. Ал столды қолдан істеймін деді. 8 метр стол 220 мың теңге болды. Барлығы 1 миллион 200 мың теңгеге шықты. Содан кредит рәсімдедім. 83 мың 34 теңгеден әлі төлеп жатырмын 3 ай болды. Жиһазды мен өзім алып кетейін десем, не қоймасының мекенжайын айтпайды" , - дейді Отырар ауданының тұрғыны Ақмарал Дәулетбай.

Кейінгі екі айда бұл дүкенге шағым көбейген соң базар басшылығы да шара қолданыпты. Қазір дүкеннің есігі мөрленген. Ақшасын беріп, тауарын ала алмай жүргендер қарашадан бері полицейлерге арыз жазсақ та іс қаралмады дейді.

"Абай аудандық полиция басқармасына барып, ол жақта бір сағат тұрып, бастығын шақыртып, әрең арызды қабылдаттық. Сөйтіп 4 күннен кейін маған полициядан қылмыстық құрамы жоқ деген материал келеді" ,- дейді Шымкент тұрғыны Нұрсұлу Ілесбаева.

Базар басшылығы жиһаз сатушыларымен телефон арқылы сөйлесіпті. Олар жиһаз толы қоймасы бар екенін айтып, бірақ көрсеткісі келмепті.

Полицияның хабарлауынша, он шақты күн бұрын дүкен қожайындарының бірі пышақ жарақатынан көз жұмған. Сондықтан цехті мөрлеп, уақытша жауыпты.

Ал Абай аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімі бастығының орынбасары Ерік Көлбаев дүкен иелеріне қатысты іс қозғалмау себебін былай түсіндірді:

"ҚР қылмыстық процесуалдық кодексінің 179-бабында көрсетілген. Екі тараптың арасында жазбаша немесе ауызша келісім болған жағдайда ол сот отырысында қаралуға тиіс. Сол жарамсыз деп танылғаннан кейін "қылмыстық іс қозғалады" деп көрсетілген".

Енді жұрт айлап күткен жиһазын не ақшасын қайтару үшін сотқа жүгінуі керек. Олар прокуратураға және полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметіне арыз жазамыз деп отыр. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!