БҚО–да ұлттық мереке жоғары деңгейде өтуде

БҚО–да ұлттық мереке жоғары деңгейде өтуде
Фото: БҚО әкімдігі ұсынған сурет

Бүгін Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным» атты  мерекелік концерт өтті. Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев Республика күні – ел ынтымағын нығайтып,  береке – бірлікті арттыратын қастерлі мереке екенін атап өтті.

– Біз бүгін жалпыұлттық мемлекеттік деңгейде Республика күнін атап өтудеміз. Республика күніне орай өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы «Бұл – қазақтың мемлекеттік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн» деп мерекемізге ерекше баға берді. Өткен жылы Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынып, «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», – деген болатын.  Бұл жай ғана мереке емес, бұл біздің халқымыздың мемлекеттілігімізді сақтауға және нығайтуға, әділетті Қазақстан құруға деген ұмтылысы.Барша қазақстандықтар белсене атсалысқанда ғана осы игі мақсатқа қол жеткізе аламыз. Себебі мемлекеттің тірегі де, басты байлығы да – ел азаматтары! Біз бәріміз еліміздің қалыптасу тарихымен және оның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімен мақтанамыз. Бүгінде шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналуымыздың аясында батысқазақстандықтардың да тұрмыс сапасы жақсарып, өңіріміздің әлеуеті арта түсті. Биылғы жылы өңірімізге келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевоблыстағы мұнай-газ және машина жасау өнеркәсібімен танысып, әлеуметтік-мәдени нысандарды аралап облыстың әлеуеті зор екенін атап өтті.Тәуелсіз Қазақстанның, қасиетті Ақжайық өнірінің дамуына белсенді қатысқан және бүгінгі таңда белсенді өмірлік ұстанымын жалғастырып келе жатқан барлық азаматтарға, жерлестерімізге шын жүректен алғыс білдіремін! – деп сөзін сабақтаған  облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарға Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы атынан мемлекеттік наградалар табыстады.

Бұл күні Қазақстанның Тәуелсіз жолында жеткен жетістігі, ұлттық мүддесі, елдігі, халықтың бірлігі, Қазақстан халқының патриоттығы кеңінен насихатталып, ел дамуына үлес қосқан 70 азамат түрлі дәрежедегі мемлекеттік наградалармен марапатталды.  Атап өтер болсақ, еңбек ардагері Жайсаң Ақбай «Парасат» орденімен, облыстық Теректі ауданы «Мәдиев» ШҚ басшысы  Сәлімбай Мәдиев, Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп-гимназиясы директоры Светлана Оразова,  еңбек ардагері Құжырғали Төлеуішов, Жәнібек аудандық «Ардагер ұйымы» РҚБ төрағасы Амангелді Уәлиев  «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар азаматтар ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдерін кеудесіне тағып, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарын иеленді.

Облыс әкімі атап өткендей, өңірде  ауылды дамыту, экономикалық, инвестициялық, ауылшаруашылық, инфрақұрылымдық салалар бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, ағымдағы жылы облыс бойынша 81,5 млрд. теңгеге 617 шақырым жол жөнделіп, қазіргі таңда 500-ге жуық шақырым жол пайдалануға берілді.Соның ішінде халықты толғандырған Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын 245 шақырым жолдың 125 шақырымын 4 жылда жасалса,  биыл 120 шақырым жолдың 104 шақырымы аяқталды.

Айта кетейік, Ұлттық мереке қарсаңында Батыс Қазақстан облысында 500- ге жуық іс – шара ұйымдастырылды. Оның ішінде бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, біраз мекемеге су жаңа қызметтік көліктер табысталды. Сондай ақ қаладағы қоғамдық көліктердің қатары жаңа автобустармен толықты. Ұлттық мереке Батыс Қазақстан облысында кеңінен атап өтілуде. Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардардың қатысуымен «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным» атты  концерттік бағдарламаға ұласты.

БҚО әкімдігі ұсынған материал

А. Жапатова