БҚО тұрғыны шенеунік қызын зорлағанын айтты: күдікті қызметінен босатылды

Батыс Қазақстан облысында шенеунік "кәмелетке толмаған қызды зорлады" деп айыпталды. Полиция күдікті неге бостандықта жүргенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2 қаңтарда полицияға Ақсай қаласының 16 жастағы тұрғынына қатысты құқыққа қарсы әрекеттер жасалғаны туралы хабарлама түскен.

"Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында хат алмасулар және істің жан-жақты қаралуы үшін маңызы бар өзге де деректер анықталды. Тергеу нәтижесінде кәмелетке толмаған қызға күш қолдану дерегі анықталған жоқ. Сонымен қатар, бұл жайтты жәбірленушінің өзі және анасы да растап, күдіктіге қатысты қандай да бір шағымы жоқ екенін, қарым-қатынас өзара келісім негізінде болғанын мәлімдеді", - деп жазылған өңір полициясы хабарламасында.

БҚО Полиция департаменті мәліметінше, күдікті аудан әкімдігі бөлімдерінің бірінде қызмет атқарған. Арыз тіркелгеннен кейін ол атқарып отырған қызметінен босатылған.

"Қазір Шыңғырлау ауданы полиция бөлімі тергеуді жалғастырып жатыр. Қылмыстық іс Полиция департаменті басшылығының бақылауында", - деп жазылған хабарламада.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз