Бүгін Батыс Қазақстан облысындағы "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының қаржысына салынған 100 жаңа үйдің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Тамыз айының басында тағы 14 үйдің кілті табыс етілген болатын. Осылайша Сырым ауданында 114 үй салынды: Өлеңті ауылында – 40, Жымпитыда – 48, Бұлдырты ауылында – 25 және Көздіқара ауылында 1 үй.
Айта кетейік, жаңа үйлер салынған Жымпиты ауылындағы шағын аудандардың бірі "Қазақстан халқына" деген атауға ие болды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен "Қазақстан халқына" қорының төрағасы Болат Жәмішев қоныс аударушыларды қуанышты шарамен құттықтады.
"Қазақстан халқына" қоры Президенттің тапсырмасымен құрылды және қиын-қыстау кезеңінде отандастарымызға жақын болу маңызды миссиясын жүзеге асырады. Биыл еліміздің бірнеше өңірі алапат су тасқынынан зардап шексе, енді бүгін Сырым ауданында салынған жаңа үйлердің кілтін салтанатты түрде табыс етудеміз. "Қазақстан халқына" қорының қатысуымен еліміздің 5 өңірінің 20 елді мекенінде 627 тұрғын үй салынатынын атап өткім келеді. Бүгінгі күні 257 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерді. Біздің меценаттарымыздың және Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің, құрылысшылар мен "Қазақстан халқына" қорының бірлескен жұмысының арқасында Батыс Қазақстан облысында 114 жаңа үй салынды", - деді "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев құрылысшыларға жоғары жұмыс қарқыны үшін және төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға қолдау көрсеткені үшін "Қазақстан халқына" қорына алғысын білдіріп, жаңа тұрғын үйлердің салынуы су тасқынынан зардап шеккендердің мәселелерін шешіп қана қоймай, Сырым ауданының дамуына елеулі үлес қосатынын атап өтті.
"Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды барлық қажеттілікпен қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған байланысты, біз табиғи апатқа ұшыраған БҚО тұрғындарының баспана мен тиісті ақшалай өтемақыларды уақытында алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұған меценаттар мен үкіметтік емес ұйымдар үлкен қолдау көрсетуде. Батысқазақстандықтарға арнап атсалысқаны үшін "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына алғыс айтамын", - деді Нариман Төреғалиев.
Ауданы 80 шаршы метр типтік үйлердің құрылысы қор мен БҚО әкімдігі арасында меморандумға қол қойылғаннан кейін басталды. Батыс Қазақстан облысының әкімдігі су басу қаупі жоқ аумақтарда жаңа үйлер салу үшін жер телімдерін анықтап, бөлді, сондай-ақ қажетті инженерлік инфрақұрылымды жүргізуді қамтамасыз етті. Облыс әкімдігі жергілікті қоғам белсенділерімен бірлесіп жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырды.
Жалпы алғанда, су тасқынының зардаптарын жою аясында "Қазақстан халқына" қоры Батыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында 627 отбасына ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға 16,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді.
Материалды Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынды
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!