Батыс Қазақстан облысының полицейлері ақбөкеннің екі мыңнан астам мүйізін тәркіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті ҰҚҚК басқармасының және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті БҚО бойынша департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп "Браконьер" жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу барысында ақбөкен дериваттарының заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топты ұстады.
Тінту барысында ақбөкеннің екі мыңнан астам мүйізі табылып, тәркіленді.
"ҚР Қылмыстық кодексінің 339-1-бабында көзделген "Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер немесе жануарлар түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу" қылмыс жасады деген күдік бойынша 5 адам Орал полиция басқармасына жеткізілді", - делінген хабарламада.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!