БҚО ПД “Жас сақшы“ сыныптары арасында “Айбынды сақшылар додасы“ өтті

БҚО ПД “Жас сақшы“ сыныптары арасында “Айбынды сақшылар додасы“ өтті
Фото: БҚО әкімдігі

Батыс Қазақстан облысында Орал қаласы мен Бөрлі, Тасқала, Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарында 11 "Жас сақшы" сыныбы жұмыс істейді. Аудан мектептерінде мұндай сыныптар жергілікті әкімдіктердің қолдауымен ашылған.

Осы сыныптарда білім алатын 200-ге жуық оқушы Полиция департаментінде бас қосты. Олар алдымен Жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, 102 операторының қызметін көрді. Оқушылар операторлардың жұмыс орнына отырып, полиция қызметінің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Кездесу барысында қару-жарақты бөлшектеу және құрастыру бойынша тәжірибелік сабақ өткізілді. Сондай-ақ жас сақшылар департамент музейін аралап, Қазақстан полициясының тарихы, тарихи жәдігерлер мен арнайы жабдықталған бөлмелер туралы мәлімет алды.

Іс-шара "Айбынды сақшылар додасы" атты спорттық эстафетамен жалғасты. Оның мақсаты – жасөспірімдердің бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа қызығушылығын арттыру және командалық рухты нығайту.

Додаға Орал қаласы мен аудан мектептеріндегі "Жас сақшы" сыныптарының командалары қатысты. Қатысушылар допты нысанаға дәл лақтыру, Калашников автоматын бөлшектеу және құрастыру, кедергілер жолағынан өту, арқан тарту кезеңдерінде бақ сынады. Жас сақшылар ептілік, шапшаңдық, төзімділік пен ұйымшылдық танытты.

Жарыс қорытындысы бойынша I орынды Жаңақала ауданының, II орынды Бөрлі ауданының, III орынды Орал қаласындағы №52 мектептің "Жас сақшы" сыныбы иеленді. Өзге командалар да белсенділігі үшін "Айбынды сақшы", "Тапқыр сақшы", "Епті сақшы", "Жігерлі сақшы" және "Үздік команда" номинацияларымен марапатталды.

"Мұндай спорттық іс-шаралар өскелең ұрпақты тәртіпке, жауапкершілікке, достық пен бірлікке баулып, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар ел игілігі үшін қызмет ететін дені сау, рухы мықты азаматтарды тәрбиелеуге жол ашады", – деді БҚО ПД бастығының орынбасары Қадыржан Ерсайынұлы.

Суреттер: БҚО әкімдігі

Жергілікті әкімдіктердің қолдауымен ашылған "Жас сақшы" сыныптарының жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Бастама жасөспірімдердің құқық қорғау саласына қызығушылығын арттырып, ел қауіпсіздігіне үлес қосатын саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.

Батыс Қазақстан облыс әкімдігі ұсынған материал

Massaget.kz
Logotype Massaget