Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында биылғы жылы 328 шақырым жолға қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы орынбасарының м.а Бекжан Тукжанов өңірдегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы кезеңге дайындығы туралы айтып берді.
"Батыс Қазақстан облысының аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы желісі 4 834 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1692 шақырымы облыстық маңызы бар, 3 142 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Облыстық маңызы бар автожолдарды қысқы уақытта күтіп ұстау жұмыстарын 8 мердігер ұйым атқарады. 3 142 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша 12 ауданда 29 мердігер ұйымдармен келісімшарт жасалды," - деп атап өтті Бекжан Тукжанов.
Мамандардың айтуынша, жергілікті маңызы бар жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына барлығы 265 арнайы техника жұмылдырылған. Сондай-ақ жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында 34 жылыту пункттері дайындалуда. Бұл жылыту пункттерін төтенше жағдай кезінде немесе транзитті көліктерге қажет болғанда пайдаланады.
Айта кетейік, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында сенім телефоны тәулік бойына жұмыс жасайды. Ол үшін +7 771 179 63 92 хабарласуға немесе WhatsApp желісіне хабарлама қалдырса болады.
Материалды Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ұсынды
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!